Кенен ауылы өзінің 70 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Дүбірлі тойға алыс-жақыннан қонақтар ағылып, ауылда бірнеше күнге созылған мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Аудан басшысы Бегзат Болатбеков пен ауылдан шыққан қадірлі азаматтар алдымен ақынның музейіне барып, әруағына құран бағыштады. Одан кейін мұражай ішіндегі құнды жәдігерлермен танысып шықты. Бұл кезде ауыл орталығында үлкен сахна құрылып, түрлі көрмелер ұйымдастырылып, спорттық жарыстар басталып жатқан еді. Ал сәл әрірек жерде тиісті дайындық шаралары жүргізіліп, боз үйлер түтінін будақтатып, қонақтарды күтіп алуға дайындалды.
Жиналған қауымды сахна төрінен Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы құттықтап, жерлестеріне ағалық алғысын білдірді. Үлкен гала-концертті елге танымал өнерпаз, Кенен ауылының тумасы Бекзат Танабай жүргізді. Кеште Қазақстан эстрадасының жұлдыздары, сондай-ақ облыс пен ауданымыздың мықты өнерпаздары тамаша мерекелік бағдарлама ұсынды.
Осы сахнада белгілі композитор Арман Елібаевтың әніне, ел ағасы Амангелді Садыхановтың сөзіне жазылған «Ауылым Кенен» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Жаңа туындыны көпшілік алдында ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина орындап шықты.
Бұл уақытта спорт алаңында күрестен финалдық кездесулер өтіп, балуандар соңғы белдесулерін өткізіп жатты. Түйе балуандар айқасы мен 75 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген Абылай Мұсаханов пен Рамазан Садырбаев бас жүлдеге тігілген қомақты қаржы мен алтын белдіктің иегерлері атанды. Одан бөлек, арқан тартыс пен қол күресінен де білекті де белді жігіттер күш сынасты.
Айта кетерлігі, футболдан да жарыс өткен болатын. Онда Шоқпар ауылының аяқдопшылары І орынды жеңіп алса, ІІ орынды Қордай ауылы, ал ІІІ орынды Кенен ауылының командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар, кубоктар мен медальдар табысталды. Оның алдында көкпар өтіп, тіпті көршілес қырғыз елінің палуандары да қатысқан болатын.
Сенбі күні Кенен ауылдық мәдениет үйінде «Кенен ауылына 70 жыл» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесімен жарық көрген, аталмыш мекеннің тарихынан сыр шертетін кітапты жинақтаған журналист — осы жолдардың авторы. Таныстырылым барысында осы тойға арнайы шығарылған «Кенен ауылының Құрметті азаматы» медалі кітаппен бірге ауылға ұзақ жылдар бойы еңбегі сіңген аяулы жандарға сыйға тартылды. Шараның соңы ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ал 11 қазан күніне қайта оралсақ, тігілген боз үйлер мен ауылдық дәмханаларда дастарқан жайылып, келген барша қонақтарға түскі ас берілді. Осыдан кейін көпшілік ауылдың атшабарына қарай бет алды. Онда аламан бәйге бастау алған болатын.
Тай бәйгеде талай жүйрікті озып шыққан Бұлар батыр ауылының жүйрігі бірінші келіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Осы орайда теңге ілуде кенендік жігіттер мен көршілес Қырғыз елінен келген мықтылар бақ сынасып, нағыз шеберліктерін көрсеткенін атап өткен жөн болар. Құнан бәйгеде бас жүлдеге тігілген автокөлікті Шу ауданынан келген сәйгүлік иесі ұтып алса, ел асыға күткен аламан бәйгеде Тұрар Рысқұлов ауданының жүйрігі бірінші келіп, атбегі су жаңа автокөліктің иесі атанды.
Осындай ауқымды шараны ұйымдастыру оңай емес екені белгілі. Неше айдан бері танымсыз еңбек етіп, бар күш-жігерін сарп еткен ауылдың атқамінер азаматтарының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаста болса бас болып, ел ішін ұйытып, мұрындық болған ұйымдастыру алқасына, сондай-ақ ынтымағы жарасқан барша кенендіктерге келген қонақтар ризашылықтарын білдіріп, бұл тойдың елдік пен бірліктің нағыз үлгісі болғанын жеткізді.
Ж.ОМАРОВ