ММА – бүгінде әлем бойынша жанкүйерлері күн санап артып келе жатқан спорт түрі. Асқан ептілік пен жоғары деңгейдегі дайындықты, ең бастысы қайсарлық пен жауынгерлік рухты талап ететін бұл әмбебап спорт елімізде де қарқынды дамып келеді. Әсіресе жасөспірімдер арасында сұраныс жоғары. Соның жарқын дәлелі – жарыстарда тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген «Қордай» спорт клубының жетістіктері.
Жақында қордайлық жас спортшылар Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирде ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Кеңес Одағының батыры, генерал К. Усенбаевты еске алуға арналған әскери қоян-қолтық ұрыстан халықаралық чемпионатқа Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдерінен кіл мықтылар жиналды.
Аталған байрақты бәсекеде «Қордай» клубының спортшылары тамаша нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Мирага Каримов, Ердәулет Әділбек, Мирас Орманбек және Қыдыр Ануарбек өз салмақ дәрежелерінде І орынды иеленіп, алтын медаль жеңіп алды. Амирлан Әлімханов ІІ орынға қол жеткізсе, Алинұр Адай, Нұрбол Әбу және Абылайхан Күншуақ ІІІ орыннан көрініп, қола жүлдегер атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және арнайы дипломдармен марапатталды.
Сонымен қатар турнир қорытындысы бойынша «Үздік жаттықтырушы» номинациясы «Қордай» спорт клубының бапкері Қазбек Орманбекке табысталды. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісті нәтижесі мен шәкірттерінің табысты өнер көрсетуінің айқын дәлелі.
Жарысқа қатысуға мүмкіндік жасап, қолдау білдіргені үшін спортшылар мен жаттықтырушылар Асқар Жұмабаевқа және ата-аналар қауымына зор алғыстарын білдіреді. Қордайлық жас жауынгерлердің жеңісті жолы жалғаса берсін!