ОРТАҚ МҮДДЕ ҮШІН

0

Бүкіл әлемді жайлаған пандемия елімізде де белең алды. Осыған дейін эпидемилогиялық тұрғыдан тұрақты келген Жамбыл облысы күні кеше «қызыл аймаққа» өтіп, облыстың бас санитарлық дәрігерінің шешімімен карантиндік шектеу шаралары күшейтілді.

Өкінішке орай, кейбір кәсіпкерлер мен тұрғындардың жағдайдың шынайы қиындығын түсінбеуі салдарынан тойханалар мен кафелердегі той-томалақтар тыйылмай тұр. Мұнымен қатар, халықтың басым бөлігінің тиісті сақтық шараларын сақтамауы мен вирустың қауіпті штамдарының пайда болуы эпидемиологтардың жұмысын қиындата түсуде. Сол себепті, халықтың мемлекет тарапынан қолға алынып отырған қатаң шараларға түсіністік танытып, уақытша талаптарға бой ұсынғаны жөн болмақ.

Осыған орай өткен аптада ауданымыздағы мониторингтік топтардың жұмысы жандана түсті. Аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың басшылығымен өткен рейдтік шараларға аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінің қызметкерлері, Кордай ауылдық округі әкімдігінің мамандары мен құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты. Аудан орталығындағы рейдтік шаралар 23-24 шілдеде түскі және кешкі уақыттарда өткізілді. Монитронигтік топтың мүшелері кәсіпкерлерге жаңа санитарлық ережелерді түсіндіріп, тәртіпке бағынбағандардың жауапкершілікке тартылатындықтарын жеткізді. Осы тұста әр кәсіпкердің талаптарды әр түрлі қабылдағанын айта кеткен артық болмас. Мәселен, тойхана мен өзге тамақтану орындарының иелерінің бірі қолданылып жатқан шараларға түсіністікпен қараса, ендібірі шектеулердің өз жұмысына кедергі келтіретіндіктерін жеткізді.

Алайда, тәртіптің баршаға бірдей екенін ұмытпай, жанымыздағы жақындарымыздың амандығын назардан шығармаған дұрыс. Сонымен қатар, қиын-қыстау кезінде қоғамның ортақ мүддесі жеке адамдардың мүддесінен жоғары тұруы тиіс. Өзге елдердің тәжірибесі көрсеткендей вакцинация және ұжымдық иммунитетті қалыптастыру көптеген карантиндік шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.

 

Серғазы Манасбаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.