Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен былтыр қолға алынған «Асар» жобасы екінші жыл қатарына Қордай ауданында табысты жүзеге асуда. Былтырдың өзінде 15 отбасы аталмыш жоба аясында қоныс тойын тойласа, биыл 6 мұқтаж отбасы баспана бақытын сезінген. Ал, күні кеше ауданда жетінші үй берілді.
Қордай ауылының тұрғыны, көп балалы ана Бақыткүл Омарова баспана қиындығын бір кісідей көрген жан. Үйелмелі-сүйелмелі балаларымен жалдамалы пәтерде күн кешкен, қамқорлықсыз қалған ананың ең тілеулі арманы жеке үй, балаларына баспана еді. Көктем айларында әлеуметтік желіде ауданымыздың бас имамы Асқар Сатылғанов бастаған азаматтар көп балалы ананың ауыр жағдайы турасында түсірілген арнайы бейне ролик жариялаған болатын. Санаулы уақыт ішінде ауданның жомарт жандары күш біріктіріп, бес миллион теңге қаржы жиналады. Ол қаржыға жаңа үйге қажетті құрылыс материалдары шегесіне дейін алынып, жұмыстар басталады. Көп ұзамай еңсесі биік, талапқай сай салынған үй бой көтеріп, отбасының ұзақ жылғы арманы орындалады. Жалпысы үйді толық пайдалануға беруге он миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Барлығы ауданымыздың азаматтарының арқасында іске асқан. 26 шілде күні кілті үлкен отбасына табыс етілді. Қоныс тоймен Бақыткүл Омарованы құттықтауға Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және ауыл үлкендері мен аталмыш отбасына баспана әперуге мүмкіндік жасаған жандар жиналды.
Алдымен сөз алған облыстың бас имам мұндай игілікті амалдар нағыз мұсылманшылықтың белгісі екенін айтып, құттықтауын жеткізсе, Дамира Маратқызы Қордай ауданы әкімінің атынан ізгі тілектерін айтып, аудан басшысының бағалы сыйлығын табыс етті. Құттықтаулар легіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, ауданымыздың Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, мешіт ақсақалы Нұрғали Өмірзақовтар қосылды.
Бақыткүл Омарова жиналған барша қауымға, көмек қолын созған азаматтарға аналық ақ алғысын білдіріп, одан кейін жаңа қоныстың лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жиналған жұрт жаңа үйде жайылған ақ дастарханнан дәм татып, үлкендер батасын берді.
Қордайлық «асарлатқан» ағайынның бұл бастамалары ары қарай жалғасын табатын болады.
Жандос Омаров