ФУЛЛ-КОНТАКТ БОЙЫНША АШЫҚ ТУРНИР

0

Жамбыл облысында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай жасөспірімдер мен қыздар арасында каратэден облыстық ашық турнир өтті. Дүбірлі дода Қордай ауылындағы спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған Жамбыл облысы аудандарымен қатар көршілес Қырғызстан Республикасынан және Алматы, Тараз, Жезқазған, Талдықорған, Қызылорда қалаларынан келген спортшылар қатысты. Жалпы саны 150-ге жуық жас татами шебері өзара мықтыны анықтады.

Аталған жарыста аудан намысын Қордай «БАРЫС» фулл-контакт каратэ клубы спортшылары қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Тартысты бәсекеде Абдибаев Искандер, Абдраимов Давлат, Лаахунов Равиль, Қуат Зере, Қуат Камила, Дәулетхан Сұлу және Қуат Амина өз салмақ дәрежелерінде қарсыластарынан басым түсіп, І орын иегері атанды. Лаахунов Амин финалдық кездесуде табандылық танытып, ІІ орынды еншіледі. Ал Соболев Иван, Лаахунов Рамазан және Бекмұрат Амира жүлделі ІІІ орынға ие болып, қордайлық жанкүйерлердің мерейін үстем етті.

Қос татамиде сегіз сағатқа созылған жарыс барысында жас спортшылар жоғары дайындық деңгейін, қайсарлық пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әсіресе, финалдық белдесулер көрермендер үшін тартысқа толы болды.

Мамандардың айтуынша, мұндай турнирлер жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың отансүйгіштік рухын қалыптастыруға, ерік-жігерін шыңдауға үлкен ықпал етеді. Бұл ретте жаттықтырушылардың еңбегі ерекше.

Жалпы, Қордай спортшыларының бұл жетістігі – жүйелі жаттығудың, табанды еңбектің және бірліктің нәтижесі. Жас каратэшілер алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да аудан намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.

Р.МАЖЕНОВ, «Қордай-Барыс» фулл-контакт каратэ клубының жетекшісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.