Ардақты аналар мен аяулы ханымдар!
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Сіздерді төл мерекелереңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Сол үшін біз оларды ерекше құрметтейміз.
«Мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда басшылық қызмет атқаратын немесе бизнес саласында кәсібін өркендетіп жүрген әйелдер аз емес. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда.
Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдер айрықша рөл атқарады. Асыл аналардың еңбегі қандай құрметке де лайық», деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде үлкен мән жатыр. Расында да, қазіргі таңда қоғамдағы әйелдің рөлі өте ерекше. Қазір еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.
Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейрімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жасұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.
Мәселен, ауданымызда көпбалалы аналардың саны артып, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері көбеюде.
«Қыз өссе елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланы ерекше құрметтеп, әрқашан төрден орын берген. Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған. Қымбатты ханымдар!
Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!
Бегзат БОЛАТБЕКОВ, Қордай ауданының әкімі