ҚОРДАЙДАҒЫ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ

0

Жер қарайып, күн жылына бастаған сәттен бастап дала тіршілігі қайта жанданады. Қыстың қыспағынан босап, табиғат тынысы кеңейген шақта диқандар да көктемгі дала жұмыстарына қызу кіріседі. Бұл кезең – ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты әрі қарбалас уақыттардың бірі. Егіс алқаптарына шығып, жер жырту, тырмалау, тыңайтқыш енгізу және тұқым себу жұмыстары басталатын осы мезгілдің маңызы ерекше. Өйткені көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытында орындалуы – болашақ өнімнің мол әрі сапалы болуына тікелей әсер ететін басты фактор.

Биыл Қордай ауданында 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, ауданның жалпы егістік жер көлемі 137679 гектарды құрайды. Оның ішінде тәлімі жерлер – 97192 гектар, ал суармалы жерлер – 40487 гектар.

Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің деректеріне сүйенсек, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында 2026 жылы жоспар бойынша 104972 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Сонымен қатар 27566 гектар жер парға қалдырылған.

Жоспарланған егіс құрылымына сәйкес, дәнді және бұршақты дақылдар 66222 гектар алқапты қамтиды. Оның ішінде бидай – 19676 гектар, арпа – 35646 гектар және жүгері – 10900 гектар жерге орналастырылады. Бұдан бөлек, қант қызылшасы – 80 гектар, картоп – 3000 гектар, мақсары – 200 гектар, көкөніс дақылдары – 3720 гектар, ал мал азығы дақылдары – 31400 гектар жерге егілмек.

Өткен жылдың соңында, нақтырақ айтқанда 2025 жылдың 4–5 желтоқсан күндері Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупі бар екенін атап өткен болатын. Алдын ала болжам бойынша Георгиевский магистралды каналы арқылы вегетация кезеңінің ең қызған уақытында келетін су көлемі 10 м³/секундтан аспайды. Бұл өз кезегінде алдағы маусымда су ресурстарының шектеулі болатынын аңғартады.

Осыған байланысты қыс айларында аудан басшылығы, ауыл шаруашылығы бөлімі және су шаруашылығы саласының мамандары шаруалармен бірнеше рет кездесу өткізді. Кездесулер барысында биылғы жылға болжанып отырған су тапшылығын ескере отырып, ылғалды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану мәселелері жан-жақты түсіндірілді.

Жиындарда көршілес Қырғызстан Республикасынан келетін су көлемі де өткен жылмен салыстырғанда аз болуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшерінің төмен болуы топырақтағы ылғал қорының жеткіліксіздігіне әкелуі ықтимал екені ескертілді. Осыған байланысты шаруаларға егіс жоспарларын қайта қарастырып, суды көп қажет ететін дақылдардың орнына құрғақшылыққа төзімді баламалы дақылдарды таңдаудың маңыздылығы түсіндірілді. Себебі табиғи қолайсыздықтар салдарынан атқарылған еңбек пен жұмсалған қаржының нәтижесіз қалу қаупі бар.

Аталған жағдайларды ескере отырып, «Қазсушар» РМК-ның «Қордай» өндірістік бөлімшесі 2026 жылға дақылдарды болжамды орналастыруды 14150 гектарға жоспарлаған. Ал, «Қазсушар» облыстық филиалы ұсынған суармалы су жетпейтін каналдардың тәуекел картасына сәйкес, 13400 гектар жерге ғана су жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ауданның суармалы жерінің шамамен 35 пайызын құрайды.

Сонымен бірге ауылдық округтерден жинақталған нақты мәліметтер бойынша биыл барлық себілетін жер көлемі 93273 гектарды, оның ішінде суармалы алқап көлемі 11450 гектарды құрап отыр. Жетіспейтін су көлемін жерасты су көздері арқылы толықтыру көзделген. Сол үшін қажет болған жағдайда аудан бойынша бұрын іске қосылған 25 ұңғыма пайдаланылатын болады.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылғы вегетациялық кезеңді тиімді өткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің орынбасарының жетекшілігімен арнайы жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ мүшелері ауылдық округтерде суды тиімді пайдалану, егіс құрылымын қайта қарау және каналдардың су өткізу қабілетін арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

2026 жылдың өніміне қажетті тұқым қоры да толықтай дайындалған. Биыл 35700 гектар алқапқа себілетін арпа үшін 6069 тонна тұқым дайындалды. Бұл тұқымдар аудандық «Агро-эксперт A.S» ЖШС тұқым зертханасында тексеріліп, оның 2440 тоннасы І класс, ал 3629 тоннасы ІІ класс екені анықталған.

Сонымен қатар басқа дақылдар бойынша қажетті тұқым көлемі де нақтыланған. Мәселен, мақсары – 200 гектар, қажетті тұқым 4 тонна, картоп – 3000 гектар, қажетті тұқым 7500 тонна, бір жылдық шөптер – 4200 гектар, қажетті тұқым 88 тонна, көп жылдық шөп – 3500 гектар, қажетті тұқым 70 тонна, көкөніс – 3720 гектар, қажетті тұқым 37 тонна, дәндік жүгері – 10900 гектар, қажетті тұқым 218 тонна, ал сүрлемдік жүгері – 425 гектар, қажетті тұқым 10,6 тонна.

Көктемгі дала жұмыстарына аудан бойынша 1122 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Оның ішінде тракторлар саны – 641 бірлік, соқалар – 154, қопсытқыштар – 150, дән сепкіштер – 154 және дән улағыштар – 23 бірлік. Қазіргі уақытта барлық техника толықтай дайындық сапына қойылған.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруашылықтар мемлекет тарапынан берілетін арзандатылған дизель отынына 1506,5 тонна көлемінде өтінім берген. Оның ішінде бүгінгі таңда 1300 тонна дизель отыны бөлінген.

2026 жылға егіс алқаптарына қолданылатын минералды тыңайтқыштардың жоспарланған көлемі 18473,3 тоннаны құрайды. Оның ішінде аммиак селитрасы – 7310,4 тонна, аммофос – 4479,3 тонна және басқа тыңайтқыштар – 6683,6 тонна.

Су тапшылығын азайту мақсатында аудан бойынша су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. 2026 жылға бұл технологияларды 18800 гектар жерге орнату жоспарланған. Оның ішінде тамшылатып суару әдісімен 11917 гектар, ал жаңбырлатып суару әдісімен 4767 гектар жер суғарылады.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламалары бойынша 5 шаруа қожалығы 294 миллион теңге көлемінде несие алуға өтінім берген.

Жалпы алғанда, егіс құрылымын тиімді жоспарлау, су үнемдеу технологияларын енгізу, техникалардың толық дайын болуы және тұқым қорының жеткілікті болуы алдағы ауыл шаруашылығы науқанының табысты өтуіне негіз болмақ. Сонымен қатар су тапшылығы қаупін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілері суды үнемді пайдалану және егіс алқаптарын тиімді орналастыру бағытында нақты шаралар қабылдап отыр.

Дайындаған Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.