ЕЛ АМАНДЫҒЫ – ОРТАҚ МІНДЕТ

0

Коронавирус індеті жер жаһанды құрсаулап, ахуалды күннен-күнге қиындатып барады. Коронавирус пандемиясы осылайша адамзат атаулыны әбігерге салып тұр. Төрткүл дүниені шарпыған індет жеке адамдардың жауапкершілігін күшейту арқылы ғана айналасындағы жандарды, жақын-жуықтарын аман сақтап қалуға болатынын көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақтың «Жақыныңа жанашыр бол» ұстанымы қазіргінің басты ұраны іспеттес.

Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп, айылын жимай отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді. Жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бұл – әлем мойындаған шешім, оны Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та шегелеп айтып келеді.

Әрбір саналы азамат өзі, туыстары мен әріптестеріне қауіп төндірмес үшін мүмкіндікті пайдаланып екпе алуы тиіс. Бұл жаһандық індетпен күрестегі ең маңызды қадам деп білемін. Екпе алу – еліміздің әрбір азаматының парызы.

Сонымен қатар, сақтық шараларын да ұмытпаған дұрыс. Яғни, ел арасында кең таралған той-жиындарды мүмкіндігінше шектеп, тек жақын ағайын-туыстың ортасында үй жағдайында өткізу, өзіңе жақын деген адамдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдар көптеп жиналатын орындарда сақ болып, арақашықтықты сақтап, індеттен сақтанудың маңыздығын ұғына білген дұрыс.

 

Баян Қарамолдаева, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.