Мерзімді әскер қатарына шақыру науқаны қарсаңында Сортөбе және Масаншы ауылдарының тұрғындарымен әдістемелік-түсіндіру кездесуі өткізілді. Іс-шараға Қордай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы А.Саусақбаев қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны барысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, сондай-ақ науқан кезінде қатаң сақталуы тиіс құқықтық нормалар мен талаптарды түсіндіру болды.
Жиын барысында тұрғындар мен ауыл белсенділеріне шақыруға байланысты заңнама талаптарын бұзуға жол берілмейтіні жан-жақты түсіндіріліп, ықтимал құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары айтылды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және ашықтық пен заңдылық қағидаларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар кездесу аясында Масаншы және Сортөбе ауылдары бойынша белгіленген шақыру жоспарының орындалу барысы қарастырылып, оны одан әрі жүзеге асыруға қатысты алдағы міндеттер айқындалды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және оған қатысушылардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.