3 сәуір күні ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Жас-Stars-2026» атты аудандық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Аталмыш шара «Қордай ауданының ұлттық-мәдени орталықтарының қауымдастығы» төрайымы А.Абыкаева мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры М. Жунускулова ұйымдастырды. Бұл маңызды турнир – жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және еркін пікір білдіру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тағылымды алаң болды.
Аталған турнирге аудан мектептерінің 4, 5, 6-сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты. Жас дебатшылар өз ойларын жүйелі жеткізіп, дәлел келтіру, қарсы пікірге жауап беру, логикалық тұжырым жасау сияқты маңызды дағдыларын көрсете білді. Әр ойын жоғары дайындықпен, ерекше қызығушылықпен өтті. Балалардың өз жасына қарамастан, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, терең ой қозғауы көрермендер мен төрешілерді тәнті етті.
Турнир барысында қатысушылар тек жеңіске ұмтылып қана қоймай, бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасты. Бұл – олардың болашақта белсенді, ойлы, жауапты азамат болып қалыптасуына үлкен ықпал ететін маңызды қадам.
Осындай игі бастамалар жас буынның білімге деген құштарлығын арттырып, олардың жан-жақты дамуына жол ашады. «Жас-Stars-2026» пікірсайыс турнирі – балалардың бойындағы дарын мен қабілетті шыңдайтын, болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін жарқын алаң екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.