Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл бастама елімізде цифрлық технологияларды дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға және өскелең ұрпақтың заманауи білім алуына жаңа серпін беріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстар Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжінде де жүзеге асырылуда. Білім ордасында жасанды интеллект кабинеті ашылып, студенттердің жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасалды. Жаңа кабинет – білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, олардың заманауи технологиялар саласындағы білімін тереңдетуге бағытталған маңызды қадам. Мұнда студенттер жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, оны оқу үдерісінде тиімді қолдануды, түрлі цифрлық құралдармен жұмыс істеуді және алған білімдерін тәжірибе жүзінде пайдалануды үйренеді. Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру жастардың ізденісін арттырып, логикалық ойлау қабілетін дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға жол ашады. Бүгінде жасанды интеллект білім беру саласынан бастап, өндіріс пен қызмет көрсетуге дейінгі көптеген бағытта кеңінен қолданылып келеді. Сондықтан жастардың осындай технологияларды ерте меңгеруі – заман талабына сай маман даярлаудың маңызды бөлігі.
«Колледжімізде жасанды интеллект кабинетінің ашылуы – білім беру саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Бұл кабинет студенттердің цифрлық сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік береді. Бүгінде жасанды интеллектті қолдана білу – заман талабы. Сондықтан студенттеріміздің заманауи технологияларды игеріп, болашақта өз мамандықтарында тиімді пайдалана алатынына сенімдімін», — дейді арнайы пән оқытушысы Роза Масадықова.
Колледж қабырғасында цифрлық білім беру мүмкіндіктерінің кеңеюі студенттердің болашақ кәсіби қызметіне қажетті дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, ақпараттық технологияларды дұрыс әрі тиімді пайдалану мәдениетін дамытуға да негіз болады.
«Жасанды интеллект кабинетінің ашылғанына қуаныштымын. Мұнда біз жаңа технологиялармен танысып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін үйрене аламыз. Әсіресе, теориялық білімімізді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік болғаны қуантады. Бұл кабинет бізге ізденуге, білімімізді жетілдіруге және болашақта бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі деп ойлаймын», — деп пікірімен бөлісті 3-курс студенті Айым Метерхан.
Қоса кетейік, колледжде жүзеге асқан жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Білім беру мекемесінде аспазшылар шеберханасы да ашылып, осы бағытта білім алушыларға арналған арнайы кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жастардың кәсіби білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі бастама. Арнайы жабдықталған кабинетте студенттер аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп, тағам әзірлеудің әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде үйренуге мүмкіндік алады. Кәсіби құрал-жабдықтармен жұмыс істеу арқылы болашақ мамандардың практикалық дағдылары қалыптасып, таңдаған кәсіптеріне деген қызығушылығы арта түседі. Теориялық сабақтар мен тәжірибелік жұмыстардың қатар жүргізілуі олардың білікті маман болып қалыптасуына негіз қалайды.
Қазіргі заманның басты талабы – білімді, бәсекеге қабілетті әрі жаңа өзгерістерге бейім маман даярлау. Осы тұрғыдан алғанда, колледждегі жаңашылдықтар жастардың сапалы білім алуына, кәсіби әлеуетін арттыруына және болашаққа нық қадам басуына ықпал етеді. Білім мен тәжірибені ұштастырған мұндай бастамалар ауыл жастарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың заман талабына сай маман болып қалыптасуына жол ашпақ.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ