МҮГЕДЕКТІГІ БАР САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

0

Мүгедектігі бар сайлаушылардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаевпен сұхбат.

– Асылбек Төреханұлы, елімізде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығы қалай реттелген?

– Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес, 18 жасқа толған әрбір азаматтың сайлауға қатысуға тең құқығы бар. Бұл құқық азаматтың әлеуметтік жағдайына, денсаулық мүмкіндіктеріне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабында бұл норма нақты бекітілген.

Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы және 2018 жылғы қаулыларына сәйкес, барлық сайлау учаскелері мүгедектігі бар сайлаушыларға қолжетімді болуы тиіс. Ғимараттардың кіреберістерінде пандустар, тұтқалар, тайғанамайтын төсеніштер орнатылады. Дауыс беру бөлмелері, мүмкіндігінше, бірінші қабатта орналасады немесе көтергіш құрылғылармен жабдықталады.

– Дауыс беру барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қандай қосымша мүмкіндіктер қарастырылған?

– Әр сайлау учаскесінде арнайы жабдықталған бұрыштар болады. Онда мониторлы компьютер, құлақаспаптар, Брайль қарпіндегі ақпараттық материалдар, ұлғайтқыштар мен қосымша жарық көздері қарастырылған. Сонымен қатар, тактильді көрсеткіштер мен кресло-арба пайдаланушыларға ыңғайлы жасырын дауыс беру кабиналары орнатылады.

Сайлау комиссиясының мүшелері үшін мүгедектігі бар азаматтармен қарым-қатынас жасау талаптары бар. Ең бастысы – мүгедектігі бар адаммен тікелей өзі арқылы сөйлесу, оның жеке кеңістігін құрметтеу және көмекті тек өзі қабылдаған жағдайда ғана ұсыну. Сондай-ақ, олармен ересек адам ретінде сөйлесу, шыдамдылық таныту, қажетсіз асығыстыққа жол бермеу маңызды.

Егер азамат өз бетінше дауыс бере алмаса, өзі сенетін адамның көмегін пайдалана алады. Алайда ол адам сайлау комиссиясының мүшесі, мемлекеттік қызметкер, кандидаттың сенімді өкілі немесе байқаушы болмауы тиіс. Көмек көрсеткен тұлғаның аты-жөні сайлаушылар тізіміне тіркеледі.

Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін ірі қаріппен, Брайль қарпімен немесе аудиоформаттағы бюллетеньдер дайындалады. Арнайы трафареттер қолданылады. Ал есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар тартылады.

Денсаулық жағдайына немесе күтім қажеттілігіне байланысты сайлаушы жазбаша өтініш берсе, комиссия мүшелері оның тұрған жеріне барып, дауыс беруді ұйымдастырады. Бұл рәсім заңмен нақты реттелген.

– Сайлау күні көлік мәселесі қалай шешіледі?

– Сайлау күні мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметі көрсетіледі. Бұл қызметті алдын ала аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы немесе учаскелік комиссия мүшелеріне хабарлау арқылы пайдалануға болады. Инватакси кресло-арбадағы және зағип азаматтарға арналған, олармен арнайы қызметкер еріп жүреді.

Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Бұл – кеңесші орган болып табылады. Жұмыс тобының қызметін реттейтін ереже бекітілді.

Жұмыс тобының басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың сайлауда сайлау және сайлану құқығы мен мүмкіндігін толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау жүргізу арқылы олардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған келісім аясында Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл жоспар мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы нақты жұмыстарды қамтиды.

Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне тең әрі кедергісіз қатысуын қамтамасыз ету – мемлекеттің конституциялық міндеті және инклюзивті қоғамды қалыптастырудың маңызды шарты. Әрбір азаматтың сайлау және сайлану құқығы тең дәрежеде іске асырылуы тиіс.

– Сайлау комиссиясы мүшелері мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бойынша арнайы оқытудан өте ме?

– Иә, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері мүгедектігі бар сайлаушылармен жұмыс істеу бойынша семинарлар өтеді. Оқыту Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Атап айтқанда, комиссия мүшелеріне сайлау процесінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын сақтау, оларға тең және кедергісіз жағдай жасау, сондай-ақ этикалық қарым-қатынас нормаларын сақтау мәселелері түсіндіріледі. Оқу семинарлары мен нұсқаулар сайлау науқаны қарсаңында тұрақты түрде өткізіледі.

– Ауданда мүгедектігі бар сайлаушылардың нақты саны мен қажеттіліктері қалай есепке алынады?

– Аудандағы мүгедектігі бар сайлаушылар туралы мәліметтер аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ресми деректері негізінде қалыптастырылады. Сайлау науқаны барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін анықтап, тиісті жағдай жасауды қамтамасыз етеді. Бұл деректер сайлау процесін қолжетімді әрі тиімді ұйымдастыру үшін пайдаланылады.

Басты мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық әрі тең дәрежеде іске асыруына жағдай жасау, олардың қадір-қасиетін құрметтеу және қоғам өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беру.

Сұхбатыңызға рахмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.