Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Естелікке толы балалық шақ» жобасы аясында «Балалық шақтағы тәтті естеліктер» тақырыбында әсерлі кездесу кеші өтті. Тағылымы мол шараның басты қонағы – саналы ғұмырын кітапхана саласына арнаған, көпшіліктің құрметіне бөленген ардақты жан Салтанат Нұрғалиева болды.
Кеш барысында жүргізуші қонақтың өмір жолына қысқаша тоқталып өтті. Салтанат Әбдіқадырқызы 1961 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген. Арнайы білімін Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде алып, кейін Қ. Қарасаев атындағы Бишкек гуманитарлық университетін «Кітапханатану және библиография» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы кітапхана жүйесінде бастап, ұзақ жылдар бойы түрлі қызметтер атқарып, 2017–2023 жылдары кітапхана жүйесінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Ол 36 жылдан астам уақыт бойы мәдениет пен руханият саласына өлшеусіз үлес қосты.
Шара барысында қонақ өз балалық шағы, ата-анасы, өмірлік таңдауы мен кітапхана саласына келу себептері жайында кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар, кітапханашы мамандығының қыр-сыры, оның қоғамдағы маңызы туралы ой қозғап, жас буынға тағылымды кеңестерін айтты.
Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Балалар қонақтың балалық шағы, мамандық таңдауы, өмірлік ұстанымы мен қазіргі жастарға берер ақылы туралы қызыға сұрап, мазмұнды жауаптар алды.
Кеш соңында жүргізуші осындай жүрегі мейірімге толы, елге үлгі болатын жандардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қонаққа алғыс білдірді.
Аталған іс-шараға «Білімді-болашақ» орта мектебінің 4-сынып оқушылары және Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызмет алушылары қатысты. Кездесу кеші жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды алаңға айналды.
Дилназ БАЯНБАЕВА, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері