Би – болмысы бөлек киелі өнер. Сезім мен сұлулықты қимыл арқылы сөйлететін бұл салаға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Алайда сахнаға деген шексіз сүйіспеншілікті серік етіп, талмай еңбектеніп жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында би өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып, шәкірт тәрбиелеу ісінде де елеулі еңбек етіп келе жатқан Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері ТУРГУМБАЕВА БАНУ ДҮЙСЕБАЙҚЫЗЫ бар. Өнер иесі 1979 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген.
Бану Дүйсебайқызының кәсіби әрі білікті маман болып қалыптасуына Мәдениет саласының үздігі Зияш Жазықбаева, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов, ҚР халық әртісі Зарема Кастеева, ҚазМемҚызПУ профессоры Людмила Кремер, ҚР Мәдениет қайраткері Галина Карамолдаева, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры, өнертану ғылымының кандидаты Алия Шанкибаева, педагогика ғылымдарының кандидаты Людмила Николаева, ҚазМемҚызПУ доценті Альпеш Кульсеитова, ҚР Мәдениет қайраткері Сара Төлеуішова, сондай-ақ ҚР Мәдениет қайраткері, «ШАПАҒАТ» медалінің иегері Перизат Омарбекова сынды ұстаздардың ықпалы зор болды. Бүгінде Бану Дүйсебайқызы қазақ би өнері мен білім беру саласында өзінің қол жеткізген жетістіктерін осы аяулы ұстаздарының берген білімі мен тәрбиесінің жемісі деп біледі. Өмір жолында да, өнер жолында да бағыт-бағдар берген ұстаздарына деген айтар алғысы мол!
Сахна шеберінің би өнеріндегі алғашқы қадамы Зияш Жазықбаева Қордай ауылында негізін қалаған 40 жылға жуық тарихы бар халықтық «Махаббат» би ансамблінен бастау алды. Бала Бану бұл ансамбльдің құрамында 1992-1996 жылдар аралығында өнер көрсетті.
Ол – хореография маманын даярлаудың барлық сатысынан өткен білімді де білікті маман. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын «хореография менеджер-жетекшісі, хореография пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Институт қабырғасында жүрген кезінде-ақ «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің белді мүшесі болды. Ансамбль құрамында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия, Чехия, Словакия, Польша, Болгария, Түркия, Австрия, елдерінде болып, қазақ биінің насихатталуына зор үлес қосты. Оның репертуарында «Еңлік гүлі», «Дала аруы», «Айжан қыз» «Аққу», «Торсықпен би», «Раушан гүлі» билерімен қатар үнді классикалық билері болды. Ал одан кейін 2015-2017 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының магистратурасында білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. Бүгінгі таңда осы аталған оқу орнының PhD докторанты. Елімізде ғана емес, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Италия, Түркия, Португалия, Корея сынды мемлекеттерде ғылыми тағылымдамадан өтіп, кәсіби білімін одан әрі шыңдай түсті.
Бану Тургумбаева әр жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында («Томирис» ансамблінің көркемдік жетекшісі), «Көкіл» колледжінде (ритмика пәнінің мұғалімі), Қазақ ұлттық аграрлық университетінде («Гүл-Бану» ансамблінің көркемдік жетекшісі) хореограф болды. Төлеуішова Сара Шаяхметқызының жетекшілігімен құрылған «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жеке бишісі болды.
Қимыл арқылы сыр шертетін өнерпаздың осы салада талмай еңбек етіп келе жатқанына биыл 25 жыл толады. Ширек ғасырын би өнеріне арнаған тәжірибелі хореограф үшін бұл жол – жай ғана мамандық емес, ғұмырлық мұратқа айналған. Өзі жетекшілік еткен би ансамбльдерінің әрқайсысын өзінің туған баласындай қабылдады. Әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білді. Әр шәкіртінің жеткен жетістігіне шын жүрегімен қуана білді. Бүгінде тәлімгерлері республикамыздың түкпір-түкпірінде би өнері саласында белсенді қызмет атқарып жүр. Шәкірттерінің де аяулы ұстазына деген махаббаты ерек, алғысы шексіз. Ұлағатты ұстаздың атқарған еселі еңбегі жұмыс орны мен мемлекет назарынан тыс қалмады. «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын иеленіп, «Айрықша еңбегі үшін», «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқаны үлесі үшін» төсбелгілерімен (ҚазҰАУ), «Құрмет» медалімен (ҚазМемҚызПУ) марапатталды.
Бану Дүйсебайқызы 2020 жылы киелі өнер жолындағы өзінің кәсіби мансабын құрбан етіп, әсем қала – Алматыдан өзінің туып-өскен мекені – Қордай жеріне келді. Кәсіби маманның елге келгендегі басты мақсаты – жас өнерпаздарды биге баулып, аудандық би өнерінің дамуына титтей болса да өз үлесін қосу.
Би өнері саласында көргені мен түйгені мол, тәжірибелі ұстаз елге келген бойда-ақ аудан жұртшылығына жақсы таныс, беделді кәсіпкер Нұргүл Тулендиеваның арнайы шақыртуымен «Нұр-Академия Қордай» өнер және шығармашылық үйірмелер орталығы ЖШС жанынан «Бану Тургумбаева би мектебін» ашты.
Бүгінде бұл би мектебі ауданымыздағы ең танымал өнер ордаларының біріне айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда түрлі ұлт өкілдерінен құралған 3 пен 18 жас аралығындағы 200-ден астам жас биші тәлім алуда. Ансамбль құрылғанына көп уақыт өтпесе де, түрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңіске жетіп үлгерді. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен халықаралық байқауларға қатысып, бас жүлделерді иеленді. Мәселен, Бану Дүйсебайқызының би мектебі 2023 жылы Гүлбану Касалиеваның жетекшілігімен Шымкент қаласында құралған «Нұрай ART Фест» көпжанрлы І халықаралық байқауына қатысып, 200 жетекшінің ішінен іріктелініп алынған 47 жетекшінің арасынан оза шауып, бас жүлде – «Hyundai Accent» автокөлігін қанжығасына байлады. Бұл – 25 жылдық қажырлы еңбек пен маңдай тердің ақталғаны.
Қордай ауданымыздан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер, халық әртісі Дәурен Тастанбекұлы Абировтың би өнерінде салған сара жолын Бану Дүйсебайқызының жалғастыратынына кәміл сенеміз!
Би мектебінің жас өнерпаздарына мықты денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз!
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ