БИЫЛҒЫ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

0

Биыл 1 қыркүйекте Жамбыл облысындағы 442 мектепке 240 мың оқушы барады деп күтілуде. 22 мыңнан аса бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл турасында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында мәлімдеген болатын.

 Өңіріміздің барлық мектептері бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. 47 мектепте турникеттер, 18 мектепте дабыл түймелері орнатылыпты. Он күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Ал, ауданымыздағы білім мекемелерінің жағдайы қалай, дайындығы нендей деңгейде? Сол турасында аудандық білім бөлімінен сұраған едік.

«Білім беру мекемелерінің барлық қызметкерлері (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) COVID-19-ға қарсы вакцина қабылдаған.  Мектептерде санитарлық талаптарды сақтауға айрықша көңіл бөлінетін болады. Балалардың денсаулығы бәрінен маңызды, сондықтан әр сынып өз кабинетінен ауыспай оқиды. Маска режимі сақталады. Барлық білім беру нысандары «Ashyq» қосымшасына қосылған», — дейді аудандық бөлім қызметкерлері.

Ал, биылғы оқу жылында ауданымыздағы 48 мектепке 1-11 сыныпта барлығы 31741 оқушы келеді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1-ші сыныпқа 3195 бала өтініш білдірген. Өткен оқу жылымен салыстырғанда жалпы оқушылар саны 216-ға артып отырған көрінеді.

Шалғай ауылдардағы мектебі жоқ елді мекендердің оқушылары аудан орталығындағы №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебі жанындағы интернатта оқитын болса, 9 елді мекендегі 324 оқушыға тегін тасымалдау ұйымдастырылатын болады.

Ал, білім беру қызметкерлерінің екпе салу мәселесіне келер болсақ, бүгінгі күнге мектептердегі  3972 қызметкердің 91%-ын құрайды екен. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады, дейді бөлім мамандары.

Ал мектептегі санитарлық тазалық жайын айтар болсақ, аудандағы барлық мектептер 100% дезинфекциялау құралдарымен қамтылыпты. Бұл мақсатта 2021 жылы 8 млн 652 мың 700 теңге қарастырылған. Мектепке бөгде адамдарға кіруге, бұқаралық іс-шара өткізуге тыйым салынған. «Бір сыныпқа бір кабинет» қағидасы бойынша сабақ өткізілетін болады.

Білімгерлерді оқулықпен қамтамасыз ету мақсатында қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдар алуға бюджеттен 358 млн 041 мың теңге бөлініп, оған 179 мың 589 дана оқулықтар алыныпты. Бүгінгі таңда оқулықтардың 70% мектептерге жеткізілсе, қалған 30% ағымдағы жылдың 23 тамызына дейін толық берілетін болады.

Жаңа оқу жылында аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан 5427 балаға бір мезгіл тегін ыстық тамақ ұйымдастырылады, бұл мақсатта бюджеттен қажетті қаражат толығымен бөлінген.  Бұдан бөлек бюджеттен аталмыш санаттағы балаларға киім-кешекке ақшалай қаражат аударылыпты.

Аудан мектептері 6016 дана компьютермен жабдықталған. Бүгінгі күнге 1 компьютерге алты оқушыдан келіп отыр екен. Барлық 48 мектеп интернет желісімен қамтылып, «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған.

Ағымдағы жылы мектептерде жаңа модификациялық физика, химия, биология барлығы 33 кабинеттер алынатын болады. Аталған кабинеттерді алуға облыстық білім басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде.

Қазіргі таңда «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында жылдағы дәстүрлі шаралар қолға алынған.

Дайындаған Ж.ОМАРОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.