ӨЗ ЕЛІҢДЕ – ҰЛТАН БОЛ!

0

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында, біз редакция тілшілері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қордай» шекара бөлімшесінде абыройлы еңбек етіп жүрген жас офицер Дарын Сейдаханмен тілдесіп, оның өмірі мен қызметі туралы әңгімелестік.

Дарын Мадиярұлы 2002 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Оның әскери салаға деген қызығушылығы ерте жастан бастау алған. 2018-2020 жылдары Дарын Кеңес Одағының 2 мәрте батыры Т.Бигельдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектеп интернатында білім алып, әскери тәртіп пен қызметтің адымдарын үйренді. Бұл оқу орнындағы тәжірибесі оған жоғары әскери білім алу жолында қуатты негіз болды.

Айтуынша, 2020-2024 жылдары Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара академиясында оқуын жалғастырып, білімі мен дағдыларын тереңдетті. Оқу жылдарының нәтижесінде ол лейтенант шеніндегі диплом алып, өзінің әскери мансабын жаңа деңгейге көтерді.

Бүгінгі күнде жас офицер «Қордай» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары болып қызмет етеді. Оның қызметтік міндеті – шекара бөлімшесіндегі жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтау, мемлекеттік шекараны күзету және қорғау. Ол сарбаздардың әскери тәртіпке бағынып, борыштарын адал атқаруына басшылық жасап, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына зор үлес қосып келеді.

Жас офицердің өз қызметіне және жұмысына деген жауапкершілігі жоғары. Шекара қызметінің бағытын үнемі назарда ұстап, тиімділігін арттыру үшін тынымсыз қызмет етуде. Бүгінде жас офицер Дарын Сейдахан офицерлер мен сарбаздар арасында ынтымақтастық, өзара қолдау және бірлікті қалыптастырып, шекара қорғау бойынша біліктілікті жақсарту жұмыстарын ұйымдастырады.

«Әскери қызмет – ол мемлекетке деген махаббат, туған жерге деген жанашырлық. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен барша әріптестерімді, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілерді, жас сарбаздарды шын жүректен құттықтаймын! Бұл ерекше күн, еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен бабаларымызды еске алатын, ел қорғандарына алғысымызды білдіретін сәт», — дейді жас офицер.

Дарын Мадиярұлы Отан алдындағы перзенттік борышын түсініп, отандық қауіпсіздік үшін қызмет ету барысында жоғары кәсібилігімен ерекшеленеді. Отан қорғаушылар күніне орай, Дарын сынды жас офицерлердің еңбегін атап өту, еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өз өмірін арнаған жандардың жетістіктерін көрсетеді.

Еліміздің шекара қызметі әрқашан кәсібилігі жоғары, адал қызмет етуші, Отанды сүйетін азаматтармен толықсын демекпіз!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.