«Ерлік ұмытылмайды»

0

«Ерлік ұмытылмайды»

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қордайлықтардың өшпес ерлігі» атты еске алу шарасы өткізілді. Бұл шара Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, олардың тарихи ерліктерін еске алуға арналды.

Шараға, Цемауыт ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Берік Семетаев, майдангер Әбіл Нұсіпбаевтың немере інісі Мұрат Нүсіпбаев, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері мен жас сарбаздар қатысты.

Шара барысында, сұрапыл соғыстың алғы шебінде болған азаматтарды еске алу аса маңызды. Отан үшін жанын қиған, ерлігімен ел есінде қалған Қордайлық жерлестерімізді еске алуға арналған шара, өз өмірін сол жеңіс жолында қиған Қаракемерлік қаһарман Әбіл Нүсіпбаев, «Дубосеково» разьезінде күші басым жаумен қасық қаны қалғанша шайқасқан 28 батырдың бірі Николай Белашов, Панфилов дивизиясының 19-шы атқыштар полкінің ротасы, кейіннен батальон комсоргі болған жазушы Жапар Көпбаев сияқты тұлғалардың ерлігін еске алуға арналды.
«Ұлы Отан соғысы – біздің тарихымыздағы ең ауыр кезең. Ардагерлеріміздің ерен еңбектерін еске алу – баршамыздың парызымыз. Бейбіт ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымыздың сыры – сол замандағы жауынгерлердің жанқиярлық ерлігінде»,-деді Берік Семетаев еске алу кешінде.

Сонымен қатар, шара барысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап шығарылған «Сұрмерген Әбіл» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл кітап Қаракемерлік қаһарман Әбіл Нүсіпбаевтың ерлігін, оның қажырлы еңбегін және халқына жасаған қызметін дәріптейді. Мақсаты – бүгінгі және болашақ ұрпаққа өз Отанына қызмет еткен батырлардың ерлігін паш ету, оларды естен шығармау.

«Құрметті қатысушылар, мен бүгін сіздермен осы тарихи сәтті бөлісіп, атамыз Әбіл Нүсіпбаевтың ерлігін еске алуға рұқсат етіңіздер. Ол майданға Отанға деген сүйіспеншілігін сезініп, саналы түрде кетті. Біз бүгін, олардың өмірі мен ерліктерін еске ала отырып, қайсарлықпен жүріп өткен жолдарынан дәріс алып, алдымыздағы міндеттерді орындауымыз керек. Майдангерлердің ерлігін еске алу, оны лайықты бағалау – әрқайсымыздың парызымыз»,-деді Мұрат Нүсіпбаев шара барысында.

«Қордайлықтардың өшпес ерлігі» шарасы – жастарды Отанға құрмет көрсетуге, елінің қорғаушысына айналуға шақырған маңызды бір ұмтылыс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.