ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ТАҒЗЫМ

0

Уақыт алға жылжыған сайын сұрапыл соғыстың сұмдығы тарих қойнауына тереңдей түссе де, Жеңіс жолында жан аямай еңбек еткен майдангерлер мен тыл ардагерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінгі бейбіт өмір мен тыныш тіршіліктің артында қаншама тағдырдың табы, қаншама ананың көз жасы мен маңдай тері жатыр. Сондықтан Ұлы Жеңіс күні – елдік пен ерлікті ұлықтайтын тағылымды күн болып қала бермек.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков аудан аумағындағы тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Бұл күні аудан әкімі тыл ардагерлері Ұлжан Жексебаева, Нұржахан Керденова және Есімқұл Халықбаев сынды қариялардың үйіне барып, құрмет көрсетті. Бүгінде тоқсанды алқымдаған ардагерлер балалық шағын соғыстың ауыр кезеңімен байланыстырған буын өкілдері. Олар жас күнінен еңбекке араласып, тылдағы тынымсыз жұмыстың бел ортасында жүріп, Жеңістің жақындауына өз үлестерін қосты.

Кездесу барысында қариялар өткен күндердің естеліктерімен бөлісіп, ел амандығы мен ұрпақ тыныштығының қадірін ерекше атап өтті. Ал аудан әкімі тыл ардагерлеріне шынайы алғысын білдіріп, олардың тағдырлы ғұмыры, табанды еңбегі мен елге деген адалдығы кейінгі ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ қазыналы қарттарымызға мықты денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.