Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен заң мен тәртіптің сақталуына байланысты. Заң – мемлекет бекіткен ережелер жиынтығы болса, тәртіп – сол заңдарды орындау мәдениеті. Егер әр адам заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтаса, ел ішінде тыныштық пен қауіпсіздік орнайды.
Заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Әрбір адам өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге және өз ойын еркін айтуға құқылы. Алайда құқықпен бірге міндет те жүреді. Азаматтар өз міндеттерін орындап, заң талаптарын сақтауы қажет. Мысалы, жол қозғалысы ережесін бұзу, қоғамдық орындарда тәртіпсіздік жасау немесе сыбайлас жемқорлыққа жол беру қоғамға үлкен зиян келтіреді.
Тәртіп – тәрбиенің айнасы. Мектептегі оқушының сабаққа уақытында келуі, үлкендерді сыйлауы, қоғамдық орындарды таза ұстауы – тәртіптің қарапайым көріністері. Тәртіп бар жерде жауапкершілік болады, ал жауапкершілігі жоғары қоғам әрқашан дамуға ұмтылады. Қазіргі таңда заң мен тәртіп мәселесі ерекше маңызға ие.
Мемлекет құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін түрлі бағдарламалар жүргізуде. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, қылмыстың алдын алу және әділ қоғам құру – басты міндеттердің бірі. Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – ел бірлігі мен тұрақтылығының кепілі. Әр азамат заңды құрметтеп, тәртіпті сақтауды өзінен бастау керек. Сонда ғана қоғамда әділдік орнап, болашақ жарқын болады.
Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі