Өткен аптада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған төралқа мүшелері Алға ауылының тұрғыны Болат Байсуанов ақсақалды сексен жасқа толуымен құттықтап, иығына шапан жауып, омырауына «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін тағып, Алғыс хатпен марапаттады. Салтанат Алға ауылдық әкімдігінде өтіп, қарияның қызметтес болған қатарлары, шәкірттері, мектептің бүгінгі ұстаздары жүрекжарды тілектерін білдірді.
Болат Жарылқапұлы мұндай құрметке әбден лайық. Ол осында туып өсті. 1947 жылы алты жасында Алға жетіжылдық мектебінің табалдырығын аттағаннан бастап бүкіл саналы ғұмыры осы білім ошағымен байланыста өтіп келеді. Орта білімнен соң Красногор кеңшар-техникумында «ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығын меңгерді. Сөйтіп, туған ауылындағы мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1963-69 жылдары Қырғыз мемлекеттік университетін химия-биология мамандығы бойынша бітіріп келіп, биология пәнінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырды. Міне осылай, қырық жылдан аса педагогикалық қызмет жолында оның алдынан қаншама буын шәкірттері білім алып шықты десейші. Олардың арасынан белгілі тарихшы, ғылым докторы Айткүл Махаева, Қыдыраш Мұсабеков, Мұратбек Халықбердиев сынды өмірін ғылыммен байланыстырған тұлғалар шыққанын орынды мақтан етеді. Одан бөлек туған жердің төсін еңбек дүбіріне бөлеп жүрген қарапайым еңбеккерлер, кәсіпкерлер, ұстаздар мен дәрігерлер, өнер адамдары да аз емес. «Кім қайда жүріп, қай мамандықты меңгерсе де, алдымен жүрегінен ізгілік нұры есілген адам болуы керек, оқушының бойына біліммен қатар адамгершілік тәрбие берудің маңыздылығы осында», — дейді тәжірибелі педагог.
Мәмбер Смағұлов атындағы Алға ауылдық мектебінде табан аудармай ұзақ жылдар еңбек еткен Болат Байсуанов сонау кеңестік жүйе кезінде-ақ ССРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы атынан «Еңбек ардагері» медалімен, облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген Грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған. Ал, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық Бірлестігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталыпты.
Зейнетке шыққаннан кейін де Б.Байсуанов он жылдан аса Алға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ауыл зейнеткерлерінің қоғамдық өмірге белсене атсалысуына мұрындық болып, қариялардың мүддесін қорғап, мұң-мұқтажын шешуде көп іс тындырды. Жасы сексенді еңсерген Бөкең қазір де үйде қарап жатқан жоқ. Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, мектепте де жиі болып ізін басқан ұстаздар мен жас ұрпақтың алдында өмірден түйген тағылымды ойларын ортаға салып, ақыл кеңесін айтып тұрады.
Қарт ұстаздың отбасылық өмірі де көпке үлгі. Үш ұл, екі қызы өмірден лайықты орындарын тапқан. Әке ізін басқан Гүлмирасы аудан орталығында мектеп директоры болса, немерелері Айзада педагогика ғылымының, Әлішер техника ғылымының кандидаты болып үлгерді. Өмір осылай жалғасуда.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі