Өмір бойы жадыңда сақталатын күндер болады. Оларды қайта қайталау да, кері қайтару да мүмкін емес. Бірақ дәл сол күндер жаңа өмір кезеңінің бастауына айналады. Сондай ерекше күндердің бірі – аттестат тапсыру рәсімі.
Қордай ауданының түлектері үшін ерекше әрі толқынысқа толы сәт туды. Жақын күндері соңғы мектеп вальсі орындалып, кешегі оқушылар үлкен өмірге алғашқы қадамдарын жасайды. Артта мектеп қоңырауының үні, бақылау жұмыстары, сүйікті ұстаздар, адал достар және жарқын естеліктерге толы жылдар қалды.
Осы аптада ауданның барлық мектептерінде аттестат тапсырудың салтанатты рәсімдері өтті. Түлектер үшін бұл жай ғана білім туралы құжат емес, жүріп өткен жолдың, табанды еңбектің, алғашқы жеңістер мен жетістіктердің символы.
Биыл Қордай ауданында 9-сыныпты 2987 оқушы аяқтады. Олардың ішінде 141 түлек үздік аттестатқа ие болып, жоғары білім деңгейі мен жетістікке деген ұмтылысын дәлелдеді.
Бұл жыл 11-сынып түлектері үшін де ерекше маңызға ие болды. Мектеп қабырғасынан 1539 жас түлек қанат қақты. Олардың 31-і үздік аттестатқа ие болса, 48 оқушы көпжылдық еңбегі, табандылығы мен білімге деген құштарлығы үшін берілетін «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанды.
Бүгінде түлектердің алдында жаңа жолдар, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа армандар ашылып отыр. Бірі дәрігер, бірі ұстаз, инженер, кәсіпкер немесе ғалым болады. Алайда қай жерде жүрсе де, олардың жүрегінде туған мектебі, сүйікті ұстаздары және балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан сол бір ерекше күн мәңгі сақталады.
Алда оларды үлкен жетістіктер, адал достар және жарқын болашақ күтіп тұрсын. Ал мектеп жылдары әрдайым қайта оралғың келетін жарқын естеліктер парағы болып қала берсін.
Шолпан САБАНОВА