Осы аптада аудан әкімі Мәден Мұсаев «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзағали Күзербаевпен бірге бірнеше елді мекенді аралады. Сапары барысында аудан басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйімен танысып, егістік алқаптарындағы жұмыстарды көріп, тұрғындармен кездесті.
Бірінші кезекте Мәден Мұсаев Қайнар ауылындағы М.Маяковский атындағы №32 орта мектебіндегі жылыту қазандығының жағдайын көрді. Жеті жүзден астам бала оқитын білім ошағының қазандығы жақында табиғи газға ауыстырылған болатын. Алайда, бұл жұмыстар толығымен аяқталмады.
— Күн күрт суытты. Жылыту маусымы мезгілінен бұрын басталды. Бұл істі тез арада толығымен аяқтап, жылытуды бастау керек, — деген Мәден Тоқтарбайұлы жауапты мамандарға тапсырма беріп мектеп директоры Бекболат Тойбаевпен бірге білім ошағын аралап, оқушылардың жағдайын сұрастырды.
Осыдан кейін Қайнар ауылдық вакцинациялау пунктіне кіріп, қауіпті індетке қарсы екпе егу жұмысының барысын сұрады. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар белсенділік танытуда, межелі жоспар 100 пайыз орындалмақ. Ал, мәдениет үйінде тұрғындармен өткен кездесуде Мәден Мұсаев ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндап, алдағы уақыттағы жоспармен бөлісті. Өз кезегінде қайнарлықтар суармалы судың тапшылығы, жол жөндеу сынды мәселелерді көтерді.
Келесі кезекте Мәден Мұсаев Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Благовещенка» ЖШС-нің егістігіне барып, жиын-терім науқанының барысымен танысты. Қазіргі таңда егістіктегі жайқалған жүгері ораққа түсті. Мұнда биыл түркиялық «Байдаш» сұрыпты жүгері егіліп, гектардан 80 центнер өнім жиналуда. Жүгері тамшылатып суғару әдісімен суғарылады. Серіктестік басшысы Өмірәлі Варшакидзе 180 гектар егістіктің 4 гектарына жүгері егілгенін жеткізді.
Сарыбұлақтағы №31 мектебінің қазандығын тексерген соң аудан әкімі ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында Мәден Мұсаев тұрғындардың тұрмысын, әл-ауқатын сұрап, сұрақтарына жауап берсе, Қақпатас ауылдық №30 мектебіне барған Мәден Тоқтарбайұлы қазандықты көріп, мектеп ауласында жергілікті тұрғындармен кездесті.
Осы күні түстен кейін Мәден Мұсаев «Қақпатас-Қордай» ЖШС-нің сүт тауарлы фермасында болды. Серіктестік басшысы Дүйсехан Қошалиев жұмыс барысымен таныстырып өтті. Осыдан кейін аудан әкімі Беріктас ауылдық мектебіне де барып, жаңадан газға ауыстырылған жылыту қазандығымен көріп, тұрғындармен жүздесті. Осындай кездесу Бетқайнар ауылдық мектебінде де өтіп, тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-тілектер түсті. Бетқайнарлықтар ауылда мәдениет үйінің жоқтығын айтып, ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесін көтерді. Аудан әкімі жаңадан бой көтерген заманауи спорт кешеніне де ат басын бұрып, балақайлардың жаттығуларын байқап қайтты.
Жұмыс сапары барысында Мәден Тоқтарбайұлы Жаңатұрмыс ауылында «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Әсет Спанов жиын-терім науқаны жайлы мәлімет ұсынып, техникаларды көрсетті. Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын көтеру пилоттық жобасының аясында құрылған кооперативте 103 мүше бар. Агроқұрылымға тиісті 290 гектар егістікке биыл 35 гектарына жүгері, 100 гектарына арпа және 100 гектарына бидай егілген. Осыдан кейін ауылдық мектептің акт залында аудан әкімі тұрғындармен кездесіп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Дәл осындай кездесу Жамбыл ауылындағы мектепте де өтті.
Келесі күні аудан басшысы сапарын Қалғұты ауылында бой көтерген 180 орындық мектеппен танысудан бастады. Мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «ТебердаСтройСервис» ЖШС-нің өкілдері Мәден Мұсаевты құрылыс барысымен таныстырып, нысанды өткізу жөніндегі жоспарымен бөлісті. Дейтұрғанымен, көптің сынына іліккен құрылыс нысанында кемшіліктер жоқ емес. Осы орайда аудан әкімі біраз сын-ескерту айтып, нысанды қолданысқа беру қажеттігін жеткізді.
Дәл осындай 180 орындық мектептің құрылысы Арал ауылында да жүргізілуде. Құрылыс алаңында Мәден Мұсаев мердігер «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС-нің өкілдерімен сөйлесті. Әзірше ғимараттың қабырғасы көтерілуде. Құрылысшылардың айтуынша келесі жылы мектеп пайдалануға беріледі. Арал ауылында аудан әкімі «Медет» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кенжебай Тілеубердиев басқаратын қожалықта 1500 бас ірі қара бордақыланады. Степной ауылындағы «Меруерт» шаруа қожалығында да ірі қара малды бордақылау жұмысы жөнге қойылған. Қожалық басшысы Мэлс Асанқұлов алда ұсақ малды бордақылау және құс шаруашылығын дамыту жоспарда бар екенін жеткізді.
Осы күні Мәден Тоқтарбайұлы Әлжан ана ауылына да барып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Е.Қатбеков
Әлеуметтік нысандар басты назарда
Prev Post
Next Post