«Мерейлі отбасы» өз мәресіне жетті

0

Аудан аумағында өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Сәрсенбі күні дәстүрлі сайыстың соңғы кезеңі, яғни жеңімпаздарды анықтап, салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Орталық кітапханадағы «Коворкинг» орталығында бас қосқан қатысушылар арасынан комиссия мүшелерінің сүзгісінен сүрінбей өткендері жиналды.
Отбасы құндылығын арттыруға бағытталған байқаудың мәртебесі ауданымызда жылдан жылға өсіп, қатысуға ниет білдіруші жанұялардың саны да артып келеді. Биыл аудан бойынша өтінім берген 12 отбасының әрқайсысы мерейлі отбасы деген атқа әбден лайық. Сондықтан, комиссия мүшелеріне жүлдегерлерді анықтау оңайға соқпапты. Дегенмен, үздік деп танылған үш жанұя іріктеліп алынды. Солардың ішінде, Тәуекеловтер отбасы аудандық кезеңнің үшінші дәрежелі дипломымен марапатталып, мерейі тасыса, жүлделі екінші орынды Жетігеновтер отбасы иеленді. Ал Байжігітовтер әулеті жүзден жүйрік шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері бас қосып келе жатқан отбасы расында көпке үлгі. Отағасы Бақыт Байжігітов өмірінің көп бөлігін ұстаздыққа арнаған жан. Сонымен қатар, ән айтып, өлең шығарудан да кенде емес.
Жеңімпаздарды арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапаттаған комиссия мүшелері: «Мерейлі отбасы байқауының барлық қатысушыларын құттықтаймын және алғыс білдіремін. Сайысқа қатысқан әр отбасы өз мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерін жаңаша қырынан танытты. Тату-тәтті отбасының негізін қалай беріңіздер», – деп ізгі тілектерін жеткізді.
– Енді, қуанышымызда әрине шек жоқ. Әуелі Құдай, сосын балалардың арқасында мерейлі болып отырмыз. Балалы болып, ол балаларды тәрбиелеуде, елімізге жұмыс істеуде белсене атсалыстық. Міне, соның шапағаты сезілуде, – деп ағынан жарылды Байжігітовтер отбасы.
Марапаттау рәсімінен кейін байқау жүлдегерлері жалынды жастармен кездесті. Өмірде түйгені мен көргені мол үлгілі отбасылар жастарға болашақты тәрбиелі болуға ұмтылып, адал болуға, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге шақырды. Кездесу соңында салтанатты шараға жиналғандар естелік суретке түсіп, өнерпаздардың әндерін тыңдап, мәз-мейрам болып тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.