Білімге бастар жол ма?

0

Бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект туралы тек ғылыми фильмдерден еститінбіз, көретінбіз. Ал, бүгінде ол күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір кез келген оқушы смартфонын қолына алып, бірнеше секундтың ішінде эссе жаздырып, есеп шығарып немесе жаңа идеялар тауып алады. «ChatGPT», «Midjourney» секілді платформалар жастардың ең жиі пайдаланатын цифрлық көмекшілерінің біріне айналып үлгерді

Дегенмен, бұл өзгеріс жаңа мүмкіндіктермен қатар маңызды сұрақтарды да алға тартып отыр. Жасанды интеллект оқушының білімін арттыра ма, әлде өздігінен іздену қабілетін әлсірете ме?

Бұл мәселе бүгінде мұғалімдерді де, ата-аналарды да алаңдатады. Өйткені кейбір оқушылар үй тапсырмасын өздері орындамай, толықтай нейрожеліге сеніп тапсыратын болды. Мұндай жағдайда дайын жауап алғанымызбен, жаңа білім игеріп жатырмыз деу қиын. Адамның миы да бұлшықет секілді: оны үнемі жаттықтырмаса, ойлау қабілеті баяулай бастайды.

Алайда жасанды интеллектіден мүлде бас тарту дұрыс шешім емес. Керісінше, оны сауатты қолдана білсек, ол біздің білім алуымызға, шығармашылық қабілетімізді дамытуға және уақытты тиімді пайдалануға көмектесетін қуатты құралға айналады.

Жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдалануға болады. Мысалы, тарих немесе әдебиет пәнінен жоба дайындау қажет болса, дайын мәтінді көшіріп алудың орнына: «Осы тақырыпты қызықты етіп ашудың бірнеше жолын ұсын» деп сұрауға болады. Сонда жасанды интеллект бағыт береді, ал негізгі ізденісті оқушының өзі жүргізеді. Кейде физикадағы заңдар немесе математикадағы формулалар түсініксіз болып жатады. Мұндайда: «Осы тақырыпты қарапайым тілмен, күнделікті өмірден мысал келтіріп түсіндір» деп сұрасаңыз, материалды әлдеқайда оңай меңгеруге болады. Жасанды интеллект ағылшын тілінде еркін сөйлесуге, жаңа сөздерді үйренуге және грамматикалық қателерді түзетуге көмектесетін қолжетімді көмекші бола алады. Бұл – тілдік дағдыларды дамытудың тиімді тәсілдерінің бірі. Бірақ сақ болған жөн.

Жасанды интеллект мінсіз емес. Кейде ол нақты дерекке сүйенбей, жалған ақпарат ұсынуы мүмкін. Мұны мамандар «галлюцинация» деп атайды. Сондықтан кез келген мәліметті кітаптан, ғылыми дереккөздерден немесе сенімді сайттардан қайта тексеру – әрбір саналы оқушының міндеті.

Бүгінде ақпаратқа қол жеткізу қиын емес. Ең маңыздысы – сол ақпараттың дұрыстығын бағалап, оны талдай білу. XXI ғасырда табысты адамның бас-ты қабілеті – сыни ойлау, іздену және дұрыс шешім қабылдау.

Жасанды интеллект ешқашан адамның ойын, қиялын және шығармашылығын толық алмастыра алмайды. Ол – біздің орнымызға емес, бізбен бірге жұмыс істеуі тиіс құрал.

Цифрлық дәуірде жеңіске жететін адам – технологияға тәуелді болған емес, технологияны тиімді пайдалана білген адам.

Ал сіз ше? Жасанды интеллектіні тек дайын жауап алу үшін қолданасыз ба, әлде жаңа білім мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын көмекші ретінде көресіз бе? Таңдау – өз қолыңызда.

Дильназ Рахимбек, жас тілші

Leave A Reply

Your email address will not be published.