Қауіпті орындар ерекше бақылауда

0

Қордай ауданында сел тасқындары мен су тасқындарының алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев сел қаупі жоғары аумақтарды аралап, көшпелі тексеру жүргізді.

Жұмыс сапары барысында Шу өзенінің арнасы, сондай-ақ Алға және Ноғайбай ауылдарындағы ықтимал қауіпті учаскелер қаралды. Мамандар аумақтардың қазіргі жай-күйіне бағалау жасап, гидротехникалық құрылыстардың дайындығын тексерді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға бағытталған алдын алу шараларының кешені талқыланды.

Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын алу іс-шараларын дер кезінде жүргізу, су айдындарының арналарының тазалығы мен күтімін қамтамасыз ету, сондай-ақ нөсер жауын-шашын мен қардың еруі кезеңінде қауіп төндіруі мүмкін учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жауапты қызметтердің мәліметінше, гидротехникалық құрылыстар мен ықтимал қауіпті аймақтар тұрақты бақылауда. Қордай ауданында сел қаупінің алдын алу және табиғи құбылыстардың ықтимал зардаптарын барынша азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жергілікті атқарушы органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.