Дүйсенбі күні Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Құттықовтың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Жиын барысында 2026 жылғы шомылу маусымы мен өрт қауіпті кезеңнің қорытындылары, аудандық қызметтердің «Қыс-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындығы, сондай-ақ автомобиль жолдарының қысқы маусымға әзірлігі қаралды.
Қатысушылар жол инфрақұрылымының жай-күйіне және қысқы кезеңде көлік қозғалысының үздіксіз жүруін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Атап өтілгендей, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 343,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 308 шақырымы — республикалық маңызы бар жолдар, 287,6 шақырымы — аудандық маңыздағы жолдар, ал 750,9 шақырымы — елді мекендердің көшелері.
Республикалық маңызы бар жолдарды қыста күтіп-ұстауға «ҚАЖсервис» ЖШС-нің №34 ЖПБ-сынан (ДЭУ-34) 33 бірлік техника әзірленді. Техниканың барлығы жарамды күйде. Қажетті материалдар да дайындалған: 2 500 тонна тұз, 10 600 текше метр түйіршіктелген тас (отсев) және 18 тонна химиялық реагент.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорны тарапынан тағы 11 бірлік техника сақадай сай. Құм мен тұз қоры жасақталып, материалдардың бір бөлігі қоймаға жеткізілген.
Сонымен қатар 19 ауылдық округте жолдар мен көшелерді қыста күтіп-ұстауға дайындық барысы зерделенді. 14 округте қаржыландыру қарастырылған, ал қалған бесеуінде — Қасық, Алға, Жамбыл, Сарыбұлақ және Сортөбе округтерінде жеке кәсіпкерлермен меморандумдар жасалды.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бауыржанұлы барлық жауапты қызметтің уақтылы дайындалуы, арнайы техниканың ақаусыз болуы және ауа райы күрт бұзылған кезде үйлесімді жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.