Мемлекет басшыс Қасым-Жомарт Тоқаевтың агросаланы дамытуға бағытталған жолдауы – ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде.
Бұл бастаманың арқасында республика көлемінде, тіптен ауданымызда да ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлініп, нақты іс-қимылдар жүзеге асырылуда. Қақпатас ауылдық округіне қарасты Беріктас ауылындағы жеке кәсіпкер Исламхан Кучербаев осы үрдістің жарқын мысалына айналып отыр. Шаруагердің ауыл шаруашылығын 1992 жылдан бері дамытып келе жатқаны өз алдына бөлек, биыл мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие көмегімен өзінің өндірісін заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік алды.
Исламхан Жолдасұлы сәуір айында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқыл «Zoomillion-110» жүк көтергіш және «Беларус-920» тракторларын иеленгенін қуанышпен бөлісті. Бұл техникалар егіндік жұмыстарды жеделдетіп, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырады. Жеңілдетілген несие арқылы алынған техника қазіргі уақытта оның шаруашылығында негізгі құралға айналды. Бұл, әрине, ауыл шаруашылығы саласында жаңашылдықты енгізіп, жұмыстың сапасы мен тиімділігін арттыруға негіз болады.
Исламхан Кучербаевтың «Тарылған» қожалығы биыл 15 гектарға жүгері, 70 гектарға бидай және 100 гектарға арпа дақылдарын еккен. Егістік көлемінің үлкендігі мен қолда бар жаңа техника ору науқаны кезінде мол өнім алуға зор мүмкіндік береді деп сенім артылуда. Бұл дақылдардың жақсы өсуі мен жарамды жағдайда сақталуы шаруашылықтың табыстылығын арттырмақ. Сонымен қатар, кәсіпкердің қоймалар мен жабдықтардың жаңартылуына, тыңайтқыштар мен тұқымдарды сапалы әрі уақтылы пайдалануға баса мән бергені байқалады. Ол шаруашылықты дамытуда жұмысшылардың біліктілігін арттырып, заманауи технологиялар мен тәжірибелерді енгізуді басты бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
Кәсіпкерлердің арқасында ауыл шаруашылығы тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәні жағынан да маңызды салаға айналып келеді. Олар аудандағы жұмыспен қамтуды арттырып, ауылдық жерлерде тұрақты даму мен әл-ауқаттың нығаюына үлес қосуда. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы кәсіпкерлердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде агросаланы дамыту туралы тапсырмалары мұндай мысалдар арқылы нақты орындалып, ауыл шаруашылығын жаңа белеске көтеретінін дәлелдейді.
Кейіпкеріміздің еңбегі ел экономикасын нығайтып, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтар мен заманауи технологияларды елімізге кеңінен енгізуге үлгі болып отыр. Бұл тек бір ғана кәсіпкердің оқиғасы болса да, оның артында үлкен ауыл шаруашылығы саласының дамуы және мемлекеттің агросаланы өркендетудегі ұстанымы тұр.
Ә.Құттыбай