Жер сілкінісі – кенеттен болатын қауіпті табиғи құбылыс. Ол адам өміріне, денсаулығына және мүлікке үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір адам жер сілкінісі кезінде қалай дұрыс әрекет ету керектігін білуі тиіс.
Жер сілкінісі басталған сәтте
Егер үй ішінде болсаңыз:
- Сабыр сақтап, үрейге берілмеңіз.
- Терезелерден, айналардан және ауыр жиһаздардан алыс тұрыңыз.
- Мықты үстелдің астына тығылып, басыңыз бен мойныңызды қорғаңыз.
- Терезеге, балконға немесе сыртқа шығуға асықпаңыз.
- Лифтіні пайдаланбаңыз.
Егер көшеде болсаңыз:
- Ғимараттардан, электр бағандарынан, ағаштардан және басқа да құлауы мүмкін нысандардан алыс, ашық жерге барыңыз.
- Ғимараттардың қабырғаларына, балкондарына және электр сымдарына жақындамаңыз.
Егер көлікте болсаңыз:
- Көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, ішінде отырыңыз.
- Көпірлерден, туннельдерден, электр желілерінен және ғимараттардан алыс болуға тырысыңыз.
- Жер сілкінісі тоқтағанша көліктен түспеген дұрыс.
Жер сілкінісінен кейін
- Айналаңыздағы жағдайды бағалаңыз және өз қауіпсіздігіңізге көз жеткізіңіз.
- Газдың, электр желілерінің және су құбырларының зақымданған-зақымданбағанын тексеріңіз. Зақым анықталған жағдайда, қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тиісті желілерді өшіріңіз.
- Қираған немесе зақымданған ғимараттарға кірмеңіз.
- Жарақат алған адамдарға алғашқы көмек көрсетіңіз.
- Қажет болған жағдайда құтқару қызметіне хабарласыңыз.
- Қайталама жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескеріп, қауіпсіз жерде болыңыз.
Жер сілкінісіне алдын ала дайын болыңыз!
Жер сілкінісіне алдын ала дайындық та өте маңызды. Үйде алғашқы көмек қобдишасын, ауызсу, фонарь, қосалқы батареялар және басқа да қажетті заттарды дайындап қойған жөн. Отбасы мүшелерімен бірге төтенше жағдайда қайда жиналатынын және қалай әрекет ететінін алдын ала келісіп алған дұрыс.
Қауіпсіздік – әр адамның өз қолында! Дұрыс әрі сабырлы әрекет ету арқылы өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға болады.
А.Кенетаев, Қордай ауданы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау лейтенанты