Қоғам қайраткерлеріне құрмет

0

Мемлекет басшысы Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматқа құрмет көрсетті.

Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.

Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.

Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.

Ұлт тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер қабылданды. Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа Конституциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазақта «Береке бастауы – бірлік» деген жақсы сөз бар. Біз ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, еліміз де өсіп-өркендей береді. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр. Партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуде. Алдымызда өте жауапты кезең тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.