Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен келіп, Қасық ауылдық округіндегі Әлжан ана тарихи музейінде өткен, елге ерекше есімімен таныс болған Балжан Бөлтірікованың 105 жылдығына арналған шараға қатысты.
Бұл шараға, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, аудан әкімі Бегзат Болатбеков, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысып, қазақ қоғамының баға жетпестей тарихи тұлғасын еске алудың маңыздылығын білдірді.
Сапар барысында, алдымен Мәлік Нұржанұлы Әлжан ана ауылындағы музейде, елді мекеннің тарихымен танысты. Сондай-ақ Балжан Бөлтірікованың өмірі мен қызметіне арналған құнды жәдігерлер мен тарихи материалдарды тамашалады.
Балжан Бөлтірікова – Қазақстанның ғана емес, Кеңес Одағының да тарихында ерекше із қалдырған мемлекет қайраткері, дипломат және қоғам қызметкері ретінде танымал. Оның өмір жолы мен қызметі қазақ халқының әйелдері арасынан халықаралық деңгейде ел мүддесін заңды түрде қорғаған тұңғыш өкілі болған тарихи тұлға ретінде аса бағаланады. Бұл мәртебеге жету үшін ол білімге шексіз құштарлық танытып, адал қызмет пен батыл дипломатияның кемел үлгісін көрсетті. Ол дипломатиялық қызметі кезінде қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін кең ауқымда қорғау үшін көптеген маңызды іс-шараларды ұйымдастырғаны белгілі.
«Балжан Бөлтірікова – біздің елдің мақтанышы әрі үлгісі болатын дарынды тұлға. Оның қазақ халқының және Кеңес Одағының тарихында қалдырған іздері ұмытылмас. Ол еліміздің халықаралық аренасында әйелдер арасынан алғаш болып заңды түрде қорғанышшы ретінде танылып, еліміздің абыройын биікке көтерді. Бұл – үлкен ерлік әрі үлкен жауапкершілік. Біз Балжан апайдың білімге деген құштарлығы мен адал қызметін ұмытпаймыз. Оның батыл дипломатиясы мен ел үшін жасаған еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Осындай тарихи тұлғалардың үлгісі арқылы біз келешекке нық қадам басамыз», — деді Мәлік Нұржанұлы.
Әлжан ана тарихи музейінде өткен шарада сөз сөйлеген Мәлік Отарбаев бұл күннің маңыздылығын атап өтіп, Балжан Бөлтірікованың өмір жолынан алынатын тағылымды мысалдардың бүгінгі Қазақстан дамуына септігін тигізетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол ел дамуы мен тұрақтылығына өз үлесін қосқан әйелдер қауымының рөлін арттырудың маңыздылығын баса айтты.
Келесі кезекте, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы лебізін білдіріп, Балжан апамыздың қазақ қоғамы алдындағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Балжан Бөлтірікованың есімі – Қордай елі үшін айрықша қастерлі. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын мемлекет пен қоғамның дамуына, халқымыздың игілігіне қызмет етуге арнаған айтулы тұлға.
Бүгінде жерлесіміздің есімін есте қалдыру, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында бірқатар игі жұмыстар атқарылып келеді.
Соның бірі – Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің жаңғыртылуы. Мектеп аумағында жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, оқушыларға арналған жаңа спорт алаңшалары салынды.
— Біз Балжан Бөлтірікованың есімін құрметтеу арқылы жас ұрпаққа елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік деген өнегелі ойды жеткіземіз. Әсіресе, Балжан апамыздың есімі берілген білім ордасының заман талабына сай жаңарып, көркейе түсуі – біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені тұлғаның есімі мектеп қабырғасында жазылып қана тұрмай, оның өмірі мен еңбегі сол жерде білім алып жатқан жас ұрпаққа өнеге болуы керек», — деді Біржан Әлімбет.
Осындай рухани кештер халықтың жадына терең үңілуге, ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Балжан Бөлтірікованың еңбектері мен идеялары бүгінгі Қазақстанның дамуы мен бірлігі үшін де маңызды.
Келесі сөз аудандық білім бөліміне қарасты Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп лицейдің тарих пәні мұғаліміне ұсынылды.
«Қазақ халқы дана да, дара халық қой шіркін! Міне осы дана халқымның дара тұлғалары да жоқ емес. Осындай дара тұлғалардың бірі, елінің атын күллі әлемге танытуда ерен еңбек еткен — қазақ қыздарының арасынан Қазақ дипломатиясының ханшайымы Балжан Бөлтірікқызының 105 жылдығы құтты болсын. Балжан Бөлтірікова Қордай топырағында туған азаматшалар ішіндегі ең биік дәрежеге көтерілген мансап иесі болуымен қатар, бүкіл қазақ әйелдер ішінде осындай дәрежеге қол жеткізген тұңғыш мұхит асқан әйел министрі», — деді Мақпал Бірғожаева.
Қазақтан шыққан тұңғыш әйел дипломат өз дәуіріндегі әйел қауымының құқықтық және қоғамдық жағдайын жақсартуда елеулі рөл атқарды, әрі халықаралық аренада ел беделін көтеруге үлес қосты.
Сөз легін аудандық балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығы директорының орынбасары Төлеген Қыдырбек жалғады.
«Балжан апамыздың өмір жолы – біз, жастар үшін үлкен өнеге. Оның жастайынан білімге ұмтылып, ел тағдырына қатысты маңызды қызметтерді атқаруы – қайсарлық пен табандылықтың айқын көрінісі. Балжан Бөлтірікова небәрі 22 жасында дипломатиялық қызметке араласып, ел мүддесін халықаралық деңгейде танытуға жол ашқан. Сол жастың өзінде үлкен жауапкершілікті арқалап, мемлекет қызметіне белсене араласуы – бүгінгі жастар үшін ерекше үлгі. Біз, бүгінгі жастар, Балжан Бөлтірікованың өмірінен үлкен сабақ аламыз. Ол бізге жастың жасы емес, білімі, білігі, жауапкершілігі мен елге деген адалдығы маңызды екенін көрсетіп кетті. Сондықтан Балжан апамыздың есімін ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беру деп білемін», — деді ол алғысөзінде.
Тарихи тұлғаның есімі қазақ тарихында ғана емес, бүкіл дипломатия әлемінде елеулі орын алатыны белгілі. Оның ержүректігі мен табандылығы еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтып, қазақ әйелінің әлеуетін айқындаған дара тұлға ретінде мәңгі есте қалады. Бұл тарихи мерекені атап өту арқылы Қордай ауданының халқы оның рухын дәріптеп, келешек ұрпаққа ұлағатты мұра ретінде жеткізуге ұмтылуда.
Шолпан Сабанова