«ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА»

0

Қордай ауданы бүгінгі күні қысқы маусымға дайындық жұмыстарын жандандырып, ауыл шаруашылығында жыл сайынғы маңызды кезеңге белсенді кірісе бастады. Ауданның барлық ауылдық аймақтарында мал азығын дайындау, шөп шабу, техниканы жаңғырту сияқты шаруашылықтар мен кәсіпорындардың алдағы маусымға жоспарлы әрі жүйелі дайындықтары өзара үйлесімді жүргізілуде.

 

Аудан бойынша мал азығын дайындауға арналған егістік алқаптары жалпы 36 276 гектарды құрайды. Оның ішінде көп жылдық шөптік алқаптар 23 877 гектар (3 орым), бір жылдық шөптік алқаптар 3 066 гектар, табиғи шабындықтар 9 012 гектар, сондай-ақ сүрлемдік жүгері 322 гектарды қамтиды. Бұл алқаптарда табиғи және мәдени шөп түрлерін дайындау арқылы малға жоғары сапалы жемшөп өндіру мақсат етілуде. Биылғы жылы шөп дайындау жоспары 356 мың тоннаға белгіленген болатын, қазірге дейін соның 344,7 мың тоннасы дайындалды, бұл жоспардың 96,8%-ын құрайды. Пішендеме жұмыстары да жоспардан асып, 18,5 мың тонна жоспарланса, 19,6 мың тонна өнім дайындалып, 105,9%-ға жетті. Сонымен қатар, сабан дайындау жұмыстары 75 мың тоннаға жоспарланып, 102% көрсеткішпен 76,5 мың тоннаға жетті. Сүрлем дайындау жоспары 24 мың тонна болса, бұл бағыттағы жұмыстар да белсенді жүргізілуде.

Жергілікті шаруалар мен жеке кәсіпкерлер арасында мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның ішінде «Бай-Нұр» шаруа қожалығын атауға болады. Олар биыл Сұлутөр ауылындағы 200 гектар алқапқа бидай егуді сәтті жүзеге асырып, ору науқанын жоғары деңгейде аяқтады. Шаруа қожалық өкілінің берген мәліметіне сай, 1 гектардан орташа өнім көлемі 22 центнерді құраған. Бұл көрсеткіш жергілікті аграрлық өндірістің тиімділігін айқындайтын маңызды индикатор болып отыр. Қазіргі таңда «Бай-Нұр» шаруа қожалығы қысқы мал азығын дайындау мақсатында бидай сабанын түктеу жұмысын белсенді жүргізуде. Бұл үшін арнайы «John-Deere» маркалы заманауи техникалар қолданылып, өнімділік пен сапа деңгейі арттырылуда.

Аудандық деңгейде жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстар ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және мал шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізіп отыр. Қысқы мал азығын лайықты дайындау арқылы қыстың суық кезеңінде малдың азықпен қамтамасыз етілуі, оның өнімділігін сақтауға септігін тигізеді.

Қордай ауданының ауылшаруашылық қауымдастығы мен жеке кәсіпкерлері қысқы маусымға дайындықтарын ерте бастау арқылы өздерінің тұрақтылығын және өнімділігін арттыруда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, ауданның аграрлық саласындағы даму мен өркендеудің негізін нығайтып, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал ететініне сенім мол.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.