1 қыркүйек – білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар «Қазақстан Республикасының Конституциясы – Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында ауданымыздың барлық мектептерінде бір мезетте өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында заманауи «BILIM-DOS» мектебі өз есігін айқара ашылғаны белгілі. Бұл — білім, даму, шығармашылық және балаларға арналған жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Мектептің ашылуы — білім беру саласындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретін маңызды оқиға.
Айтулы күнге, орай аудан әкімі Бегзат Болатбеков жаңадан ашылған мектепке барып, оқушылар, ұстаздар қауымы және ата-аналарға жылы лебізін білдірді.
-Баршаңызға белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттырып, өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасауды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Осы мақсатта іске асып келе жатқан — мемлекет пен жеке сектордың серіктестігі арқылы жаңа білім беру нысандарын көбейту жобасы тиімді қадамдардың бір болғандығы сөзсіз. Бүгінгі осы жоба негізінде ашылып отырған 1220 оқушыға арналған «BILIM-DOS» заманауи негіздегі мектеп — Қордайдың білім кеңістігіне жаңа серпін береді деп сенемін. Осы игі жобаны жүзеге асырып, туған жерінің дамуына және жас ұрпақтың болашағына инвестиция салған мектеп құрылтайшысы Сергей Михайловичке аудан тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін, — деді аудан басшысы.
Іс-шара барысында мектеп табалдырығын бірінші мәрте аттаған оқушылар салтанатты шерумен жүріп өтіп, мектеп басшылығы сөз сөйледі. Осы мектеп оқушысының әкесі Т.Айнақожаев жиылған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында табысқа жетуді тіледі.
Айтпақшы, жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім алуға, жан-жақты дамуға және өз қабілеттерін толық ашуға қолайлы жағдайлар жасалып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи оқу кабинеттері, сабақ оқуға және демалуға арналған жайлы кеңістіктер, спорттық инфрақұрылым қарастырылған. Мұнда оқушылардың зияткерлік, шығармашылық және дене қабілеттерін дамытуға барлық мүмкіндік жасалған.
Айта кетейік, 1 қыркүйекте еліміздің барлық мектептерінде 2026–2027 оқу жылы басталды. Биыл аудандағы 50 мемлекеттік мектеп және 23 жекеменшік мектепте 31 178 оқушы білім алады. Оның ішінде 2123 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіліп, мектептерде жаңа оқу курстары мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған жобалар іске қосылады. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде еліміздің барлық мектебінде бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылды.
Анжела ИЗАЕВА