БІЛІМ САПАСЫ МЕН АДАМИ КАПИТАЛ

0

Қордай ауданында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Биылғы басқосу «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбына арналды. Жиын барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, білім беру саласындағы жетістіктер мен алдағы оқу жылына қойылатын міндеттер айқындалды.

Тамыз кеңесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаудан басталып, білім саласының тыныс-тіршілігін, педагогтердің еңбегін және аудан мектептерінің жетістіктерін қамтыған бейнероликпен жалғасты.

Пленарлық бөлімде Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Ғалым Алимжанов ауданның білім беру саласының жай-күйі, қол жеткізген нәтижелері және жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтар жөнінде баяндама жасады. Ұстаздар қауымын құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл да сахнаға көтеріліп, аудан әкім Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізіп, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.

Тамыз кеңесінің маңызды бөлігі – білім саласында еселі еңбек етіп жүрген педагогтер мен қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды.

Ұстаздық жолда ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, білім беру саласының дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегі жоғары бағаланды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің марапаттарына ие болғандар қатарында Қордай ауданының білім саласында қызмет етіп жүрген бірқатар үздік маман бар.

«Еңбек ардагері» медалімен Айзада Сатыбалдиева,

«Ыбырай Алтынсарин» медалімен Кенескүл Абдыкалыкова марапатталды.

«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен Бақытжан Арқабаев марапатталды.

Сонымен қатар білім беру саласындағы бірқатар қызметкерлер Жамбыл облысы әкімінің, Қордай ауданы әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының, аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында мектеп директорлары, пән мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері, қосымша білім беру педагогтері, психологтер, кітапханашылар, әдіскерлер және білім саласының басқа да мамандары бар.

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Қордай ауданындағы білім беру ұйымдарының жетістіктері де кең көлемде аталып өтті.

Мектеп рейтингі нәтижесінде бірқатар білім беру ұйымдары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Инновациялық режимдегі мектептер» номинациясы бойынша үздік атанды.

Ал ауданның «Үздік тірек мектебі» номинациясы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы тірек орта мектебіне берілді.

Сондай-ақ Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының білім алушылары мен педагогтерінің шығармашылық әлеуеті жоғары бағаланып, орталыққа «ЮНЕСКО клубы» мәртебесінің берілуі – ауданның қосымша білім беру саласындағы айтулы жетістіктерінің бірі болды.

Республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының аудандық кезеңінде білім беру ұйымдары жоғары нәтижелер көрсетті.

Байқаудың бас жүлдесі №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне, бірінші орын №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына, екінші орын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тірек орта мектебіне берілді.

Тамыз кеңесінде саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілді.

Ұстаздық жолдың тағылымын кейінгі буынға аманат етіп, талай шәкірттің өмір жолына бағыт берген ардагерлерге көрсетілген құрмет – бүгінгі педагогтер үшін үлкен өнеге.

Тамыз кеңесі тек өткен оқу жылын қорытындылаумен шектелмей, алдағы кезеңнің мақсат-міндеттерін айқындаған маңызды кәсіби алаңға айналды.

Білім сапасын арттыру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, мектептердегі тәрбие жұмысын күшейту және әрбір балаға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау – жаңа оқу жылындағы басты міндеттер ретінде белгіленді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.