ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМНІҢ НЕГІЗІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығының маңызды негізі. Осы бағыттағы басты міндеттердің бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу. Мемлекеттік қызметте заңдылық пен адалдықты сақтау, халықтың сенімін ақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты жауапкершілігі.

 

Қордай ауданында мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қолжетімділігіне, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық беріледі. Әрбір өтініш заң аясында және уақытылы қаралуы тиіс. Мемлекеттік қызметші өз өкілеттігін жеке пайдасына пайдаланбауға, таныстыққа жол бермеуге және азаматтарға заңда көзделмеген талап қоймауға міндетті.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Пара беру, пара алу, таныстық арқылы мәселе шешуге ұмтылу немесе заңсыз артықшылық талап етуге жол берілмеуі керек. Тұрғындар мен кәсіпкерлер де өз мәселелерін тек заңды жолмен шешуге ұмтылуы қажет.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ашықтық пен қоғамдық бақылаудың маңызы зор. Мемлекеттік органдар халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, заңсыздыққа жол бермеуі қажет. Ал азаматтар заңсыз талап немесе негізсіз кедергіге тап болған жағдайда, тиісті органдарға хабарлауы маңызды.

«Заң мен тәртіп» – күнделікті жұмыстың нақты қағидасы болуы тиіс. Адалдық, әділдік және заңдылық орныққан жерде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі де артады. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – ортақ міндет, ал адалдық пен заңға құрмет – Қордайдың тұрақты дамуының берік негізі.

Бегзат БОЛАТБЕКОВ, 

Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.