–Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма?
Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде «урбанизация» атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет.
Кейбір жазушылар қалада тұрып жатқан жастарды екіге бөлетін болды: біріншісі – қалаларда тұрып жатқан «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ», екіншісі – нағыз ауыл қазақтары. Бұл – дұрыс емес. Қазіргі таңда қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алуда. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек.