КӨШПЕЛІ ҚАБЫЛДАУ ҚОРДАЙДА

0

«Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының бастамасымен облыс аудандарында көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, өткен аптада кезек Қордай ауданына келіп жетті. Осының аясында Ауқатты және Қарасай ауылдық округтерінің тұрғындары қабылдауға қатысып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.

Көшпелі қабылдау ең алдымен Ауқатты ауылында өтті. Іс-шараға «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбаев, Қордай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма өкілдері мен аудандық бөлім басшылары қатысты. Ашық аспан астында өткен қабылдауға ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
«Көшпелі қоғамдық қабылдауларды арнайы шалғай елді мекендерден бастағанды құп көрдік. Көптеген ауыл тұрғындарының орталыққа барып, туындаған проблемасын шешуге мүмкіндігі болмайды. Сондықтан біз бірауыздан осындай шешімге келіп, ауыл азаматтарымен кездесулер ұйымдастырып отырмыз», — деп сөз алған Дауыл Ынтықбаев тұрғындармен тілдесті.
Айта кетсек, Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай және Бәйтерек ауылдарының тұрғындары да қолайлы сәтті қалт жібермей облыстан келген қонақтарға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Ауыл халқы негізінен жер, құжаттарын рәсімдеу сынды жеке бастың мәселелерін көтерді. Әрбір сұраққа нақты жауап беріліп, тиісті мамандар мән-жайды түсіндірді.
«Осындай қоғамдық қабылдаулар жиі өтіп тұрса нұр үстіне нұр болмақ. Міне, бүгін тұрғындар еш у-шусыз сұрақтарына жауап алып, мәселелерінің шешімін тапты. Бұл расында халықтың игілігін көздейтін шара», — деді ауыл ақсақалы Қанат Серіков.
Таң азаннан түске дейін еш үзіліссіз тұрғындарды қабылдаған көшпелі керуен келесі кезекте Қарасай ауылында жалғасты. Мұнда да керуен мүшелері қарасайлықтарды қабылдап, олардың назына құлақ түріп, шешімін табудың жолын іздеді. Кейбір сұрақтардың шешімі сол жерден табылса, енді бірі хаттамаға тіркеліп, ол бойынша алдағы уақытта жауап берілетін болды.
«Біз қолымыздан келгенше көтерілген мәселелерді осында шешуге тырысамыз. Ал, күрделі сұрақтарды тіркеп, тиісті басқарма немесе бөлімге жолдап нақтылайтын боламыз. Сосын міндетті түрде сіздерге жауабын береміз», — деді облыстық партия филиалының атқарушы хатшасы Д.Ынтықбаев.
Жиын соңында қарасайлықтар шалғайда деп елеусіз қалдырмаған көшпелі қабылдау өкілдеріне алғыстарын айтып, көтерген сауалдарының шешімін табатынына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.