ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛІ БОЛУЫ ТИІС

0

26 сәуір күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысы Қордай ауданы әкімі аппаратының жаңа жетекшісін таныстырудан басталды. Естеріңізге сала кетсек, 22 сәуір күні бұл лауазымға Нұрболат Сатымқұл тағайындалған болатын.

Аппараттық кеңестің күн тәртібіне сәйкес елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық және алдағы мерекелік күндердің дайындығын пысықтау мәселелері қаралған жиынға бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Алғашқы сұрақ бойынша ең алдымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық екі айлығының барысы жайында баяндама жасады. Айта кетсек, 1 наурыздан басталған аталмыш науқан 1 мамырға дейін жалғасын таппақ. Аудан аумағында күні бүгінге дейін сегіз сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына бас-аяғы 23097 адам қатысқан. Сондай-ақ, 2630 ағаш көшеттері отырғызылып, шамамен 730 тонна қоқыс шығарылған. Қазіргі таңда аудан бойынша ауыл-аймақты, жол жиектерін, саябақтарды тазалау жұмыстары қарқынды жүруде.
«Ауылдық округтерде санитарлық тазалау, қоқысты жинап-шығару жұмыстары күшейтіліп, еңбек ұжымдары бекітілген аумақтарын ретке келтірді», — деді бөлім басшысы.
Алайда, бұл істе олқылықтар да жоқ емес. Осы тұста аудан әкімінің назарына кемшіліктер, яғни тазалық жұмыстарына салғырт қараған округтердің келбеті бейнеленген слайдтар ұсынылды. Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, кейбір ауылдық округтерде санитарлық тазалық деген дүниені естімеген сыңайлы. Мысалы, Қаракемер ауылына кіреберіс тұста апатты күл-қоқыс орны анықталғанына қарамастан, онымен округ әкімдігінің шаруасы жоқ. Дәл осылай, Қордай, Степной, Бетқайнар, Сарыбұлақ, Отар ауылдық округтерінде тазалық жұмыстары төмен деңгейде ұйымдастырылған. Баяндамашыны мұқият тыңдаған аудан басшысы аталған округтердегі санитарлық тазалық жұмыстарын сынға алып, белгіленген мерзімде олқылықтарды жоюды міндеттеді. Осы орайда аудан басшысы жүйелі жұмыс жүргізу және аулалар мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтіру қажеттігін атап өтті.
Келесі кезекте ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Баян Ыбышеваның келе жатқан мейрамдарға дайындықтың барысы туралы баяндамасы тыңдалды.
«Арнайы жоспар әзірленді. Барлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ол үшін бар күшті салу қажет», — деген аудан басшысы ауылдық округ әкімдеріне ескерту жасады.
Жиынды қорытындылаған Мәден Мұсаев бірқатар маңызды мәселелердің шешілуін қамтамасыз ету қажет екенін ескертіп, бөлімдерге жоспарланған жұмысты уақытылы әрі сапалы атқаруды тапсырды.
Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.