Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, саяси жүйеміз түбегейлі жаңғырған тарихи белесте жарияланған бұл бағдарламалық құжаттың мазмұны айрықша.
Жолдауда көтерілген ең басты стратегиялық басымдықтардың бірі – инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту мәселесі болды. Мемлекет басшысы келесі 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынып, ел игілігін арттыруға бағытталған бұл тарихи қозғалысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берді.
Президент келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік оларға тек есепшоттарда ақшалай жинақ қалдырумен ғана өлшенбейтінін, ең бастысы – ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті қуатты экономикасы мен заманауи инфрақұрылымы бар, өмір сүру стандарты жоғары сапалы жаңа мемлекет құрып, табыстау екенін атап өтті. Осы мақсатта Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді және оны іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл қаржыға барлық өңірде автожолдар, әуежайлар, вокзалдар, өндірістік және энергетикалық нысандар, инженерлік желілер, гидроқұрылыстар, мектептер, ауруханалар және ғылыми орталықтар салынады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы әр аймақта білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін біртұтас экожүйе құруға негіз болуға тиіс екенін айқындап берді. Бұл бағытта Ұлттық ғылым академиясы ғылыми жобалардың практикалық маңыздылығын арттыру үшін арнайы Қолданбалы ғылым тұжырымдамасын әзірлеп, оны Инновацияларды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының құрамдас бөлігі ретінде енгізді. Аталған модель іргелі зерттеулерді, қолданбалы әзірлемелерді, тәжірибелік сынақты, инновациялық сатып алуларды және нарықты «идеядан бастап нақты практикалық енгізуге дейінгі» біртұтас өтпелі маршрутқа біріктіреді.
Инфрақұрылымдық жаңғырудың маңызды бөлігі – көлік логистикасы мен сапалы автожолдар желісі. Жолдауда Мемлекет басшысы дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті елдің өзі ертең құрдымға кететінін ескертіп, Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық торабына айналдыру, көлік саласын толық цифрландыру, әуе дәліздері мен жерүсті сервистік инфрақұрылымды дамыту және барлық автожолды жоғары сапада салу міндетін қойды.
Сондай-ақ Жолдауда еліміздің минералдар мен шикізатқа бай әлеуетін индустриялық-технологиялық прогреске айналдыру қажеттігі баса айтылды. Мемлекет басшысы қазіргі «электр қуаты дәуірінде» 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу, жаңартылатын және атом энергетикасын дамыту міндеттерін қойды. Сонымен қатар Президент геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындап, озық технологиялардың көмегімен жер қойнауын толыққанды зерттеуді, сондай-ақ айрықша маңызды, түрлі-түсті және сирек кез-десетін металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауының қорытынды бөлімінде атап өткендей: «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады», деді. Бұл үлкен құндылық.
Қарлығаш ҚЫПШАҚБАЕВА, аудандық Аналар кеңесі төрайымы