Тараз қаласының «Жібек жолы» ауданында кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық беріліп отыр. Биыл ауданда жалпы құны 14 млрд 50 млн теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, шамамен 540 тұрақты жұмыс орны ашылдыдеп хабарлайды baq-orda.kz.
Ауданда бүгінде 14 673 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 14 664-і шағын кәсіпкерлікке жатады. Сауда, қызмет көрсету, өндіріс және қоғамдық тамақтану бағыттарында 774 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді.
Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында «Таразқант» зауыты, «Ағали» тігін өндірісі, «Zerbulak» қонақүйі, «Астана-POLYTECH» құбыр зауыты, «Dentex» тіс емханасы, «Тараз новые технологии» темір өңдеу цехы және «КЕЗЕР» тігін фабрикасы бар.
Олардың ішіндегі маңызды жобалардың бірі – «Таразқант» зауыты. Кәсіпорын 2026 жылғы 25 қазанда іске қосылды. Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 1 000 тонна қант қызылшасын қабылдайды. 5 қарашадан бастап бұл көлемді тәулігіне 3 500–4 000 тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Жалпы маусымда 200–250 мың тонна қызылша қабылдау көзделіп отыр.
Ауданның ауыл шаруашылығы әлеуеті де айтарлықтай. Мұнда 499 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Егіс жұмыстарына 69 трактор мен 87 техника тартылған. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша 72,73 мың тонна өнім жиналған. Сонымен қатар 2 360 гектар алқаптан 88 161 тонна өнім алынған. Оның ішінде 45 346 тонна мал азығы дайындалды.