«ЖІБЕК ЖОЛЫ» АУДАНЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

0

Тараз қаласындағы «Жібек жолы» ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңдарын жаңарту, ауыз сумен қамту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба іске асырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде аумақта 243 487 адам тұрады. Аудан құрамына 5 аумақтық округ, 11 шағын аудан, 201 көпқабатты тұрғын үй және 37 мыңнан астам жеке үй кіреді. Жалпы көше-жол желісі 1 073 көшеден тұрады. Оның 674-і асфальтталған, 399-ы шағал тас жол.

2026 жылы жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын 6 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Бұл жұмыстарға 101,2 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар 32 көше мен бұрылыстағы шұңқырлар жөнделді. Көше жарығын жақсарту мақсатында 22 көшеде ұзындығы 22,898 шақырым болатын жарықтандыру желілері тартылды.

Алдағы жылы да жол инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Тұрғындардың өтініштері негізінде 2027 жылы 22 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 577 млн теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Көшелерді жөндеудің бес жылдық жоспары да жасалған. Бұл ретте мектептер мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға басымдық берілмек.

Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада демалуына да көңіл бөлінген. Ауданда 81 балалар ойын алаңы, 35 футбол алаңы және 1 воркаут алаңы бар. Биыл 10 нысан жөнделіп, жарықтандырылды. Сонымен қатар 173,2 млн теңгеге 8 жаңа ойын алаңы салынды. Үнемделген қаражат есебінен Қазарма және Сұлутөр алқаптарында тағы 2 ойын алаңы пайдалануға берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.