Жамбыл облысында мал шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірде төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін 3,3 миллион тонна мал азығын әзірлеу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін межеленген көлемнен асыра орындалды. Қысқы науқанға дайындық мәселесі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі мал басы 3,8 миллионнан 4,1 миллионға дейін өскен. Яғни өткен кезеңмен салыстырғанда 300 мың басқа артқан.
Алдағы қысқы маусымда облыс бойынша 484,9 мың бас ірі қара, 3,5 миллион бас қой мен ешкі, 204,2 мың бас жылқы және 8,6 мың бас түйін қыстату көзделген.
Төрт түлікті қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін 3,3 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның ішінде 2 млн 211 мың тонна пішен, 141,2 мың тонна пішендеме, 484 мың тонна сабан, 117 мың тонна сүрлем және 364 мың тонна құнарлы жем бар.
Қазіргі таңда 3,365 миллион тонна мал азығы жиналып, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Атап айтқанда, 2 млн 284,6 мың тонна пішен, 134,7 мың тонна пішендеме, 491,9 мың тонна сабан, 117,1 мың тонна сүрлем және 337,9 мың тонна құнарлы жем дайындалған.
Дегенмен жекелеген аудандарда азықтың кейбір түрлерін әзірлеу жоспары толық орындалмаған. Мәселен, пішендеме дайындау бойынша Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында, ал құнарлы жем әзірлеуде Жамбыл, Мойынқұм және Талас аудандарында межелі көрсеткішке қол жеткізілмеген.