Тараз қаласында мемлекеттік қызметтерді алуды барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі заманауи етуге бағытталған цифрлық AI-кеңсе өз жұмысын бастады. Жаңа кеңістік халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, электрондық сервистерді өз бетінше пайдалану дағдыларын дамытуға және мемлекеттік қызметтер саласына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
AI-кеңсенің ашылу салтанатына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.
«Бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру – бұл тек жаңа технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматқа қолайлы жағдай жасау. Тараз қаласында AI-кеңсенің ашылуы өңір тұрғындарына электрондық сервистерді сенімді пайдалануға, көптеген мәселелерді өз бетінше шешуге және мамандардың қажетті көмегін алуға мүмкіндік береді. Біздің басты міндетіміз – заманауи цифрлық мүмкіндіктерді халыққа қолжетімді ету. Бұл кеңсе өңір тұрғындары үшін сұранысқа ие алаңға айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
AI-кеңседе қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау үшін барлық қажетті мүмкіндік қарастырылған. Мұнда жедел қызмет көрсету, цифрлық сервистер, сараптамалық көмек және оқыту аймақтары, сондай-ақ келушілерге арналған демалыс орны жабдықталған. Азаматтардың қолайлылығы үшін заманауи моноблоктар, жоғары жылдамдықты сканерлер мен eGov GPT сервисінің мүмкіндіктерін пайдалануға арналған ақпараттық панельдер орнатылған.
Өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған заманауи технологияларды енгізуге де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, AI-кеңседе құжаттандыру терминалы орнатылды. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе төлқұжат алуға өтінімді бірнеше минут ішінде өз бетінше рәсімдей алады. Ал мемлекеттік қызмет нәтижесінде дайындалған қағаз құжаттарды беру постамат арқылы жүзеге асырылады. Бұл құжаттарды алу үдерісін одан әрі жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар AI-кеңседе тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және электрондық мемлекеттік сервистерді меңгеруіне бағытталған тегін оқыту сабақтары өткізіледі. Сабақтар аптасына екі рет – бейсенбі және жұма күндері сағат 10:00-де және 12:00-де ұйымдастырылады.
AI-кеңсенің мекенжайы: Тараз қаласы, Қолбасшы Қойгелді көшесі, 158А.
