6B11102 Мәдени-тынығу жұмысы БББ 3-курс студенттері Р.Э. Ермекбай, С.Д. Тағайбек
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
(Алматы қ., Қазақстан)
Қазақстан кинематографиясы соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық тақырыптарды дәстүрлі патетикалық баяндаудан бөлек, заманауи жанрлар мен жаңа көркемдік тәсілдер арқылы ұсынуға бет бұрды. Осы бағыттағы ең ауқымды да назар аударарлық медиа-жобалардың бірі – «Келінжан» фильмі (телесериал желісі бойынша түсірілген толықметражды туындылар франшизасы). Оқиғасы қазақ ауылының шынайы тыныс-тіршілігінде өрбитін бұл картинада отбасы мүшелері арасындағы сыйластық, ене мен келін арасындағы күрделі әрі қызықты қарым-қатынас, ағайын ынтымағы мен күнделікті тұрмыстық қуаныштар мен қиындықтар сөз болады. Фильм комедия, мелодрама және әлеуметтік сатира элементтерін біріктіріп, ұлттық тұрмысты заманауи контекстте жаңаша қырынан көрсетеді.
Отбасылық киноның негізгі функциясы- қоғамдағы өзекті социалды-психологиялық мәселелерді экранда қайта жаңғыртып қана қойғанша, көрерменнің тәрбиелік, моральдық және отбасылық құндылықтарға деген оң көзқарасын қалыптастыруында. Сондықтан ұлттық дәстүрлерді, тұрмыстық қақтығыстарды және ұрпақтар сабақтастығын көркемдік тұрғыдан бейнелеу автолардан үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Келінжан» осы тұрғыдан дәстүр мен заманауилықтың арақатынасын, сондай-ақ отандық кинода тұрмыстық драма-комедия жанрының әлеуетін сараптауға терең негіз болады.
«Келінжан» фильмінің басты көркемдік ерекшелігі- қазақ менталитетіндегі ең сезімтал тақырыптардың бірін боямасыз, бірақ аудиторияға өте жылы юмор арқылы ұсына білуінде. Қазақ отбасындағы ене мен келін қарым-қатынасы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бауырлар арасындағы ынтымақ мен алауыздық-ұлттық тәрбиенің негізгі діңгегі болып табылады. Фильмдегі әртүрлі мінезді келіндер бейнесі (Айсараның пысықтығы мен экспрессиясы, Асылымның заманауи көзқарасы, Балқияның биязылығы мен сабырлылығы) қоғамдағы түрлі әлеуметтік психотиптерді айқын көрсетеді. Бұл әртүрлілік көрерменнің әрбіріне өзін немесе жақынын тануға мүмкіндік береді.
Фильмдегі сюжеттік желілерде дәстүрлі комедияларға тән арзан юмордан немесе бейпіл сөздерден қашып, шынайы турмыстық жағдайларға негізделген драматургиялық қақтығыстар қолданылған. Ене образы (Құртқа ене) тек өктем, қатал тұлға ретінде емес, шаңырақтың ұйытқысы, шаңырақ бірлігін сақтаушы ана ретінде терең ашылады. Ал келіндер мен ене арасындағы кикілжіңдердің соңы дау-дамаймен емес, өзара түсіністікпен, ақылға салумен және кешірімділікпен аяқталады. Мұндай тәсіл отандық кинематографиядағы отбасылық фильмдерді жаңа тәрбиелік деңгейге көтереді.
Туындының тағы бір ерекшелігі – актерлік құрамның (Айгүл Иманбаева, Нұрғул Мыңғатова, Дана Есеева, Руслан Нұрман және т.б.) жоғары шеберлігі. Кейіпкерлердің өз тіліндегі динамикалық диалогтері, қазақи репликалар мен фразеологиялық тіркестердің орынды қолданылуы, сондай-ақ ауыл эстетикасының шынайы көрсетілуі фильмнің мәдени атмосферасын күшейте түседі.
«Келінжан» фильмі Қазақстанның медиа индустриясында тек көркемдік туынды ретінде емес, үлкен коммерциялық және әлеуметтік феномен ретінде де талқылануы тиіс. Сериалдан бастау алып, кинотеатрларда кассалық рекордтар орнатқан толықметражды фильмге айналуы- халықтың өз төл мәдениеті мен тұрмысын экраннан көргісі келетінін дәлелдеді. Фильмнің қоғамдық маңызы бірнеше негізгі аспектіде көрініс табады:
1. Отбасы институтын демографиялық және моральдық тұрғыдан нығайту. Қазіргі қоғамда отбасылардың ажырасу көрсеткіші өсіп отырған уақытта «Келінжан» фильмі сабырлық, кешірімшілдік, үлкенге құрмет пен бауырмалдық қасиеттерін дәріптейді.
2. Ауыл мен қала мәдениетінің интеграциясы. Картинада заманауи қалалық технологиялар мен көзқарастардың ауылдық дәстүрлі өмір салтына сіңісуі көрсетіледі. Бұл ауыл өмірін төмендетпей, керісінше оның рухани тазалығы мен байлығын насихаттайды.
3. Әлеуметтік сатира мен тәрбиелік елеу. Фильм тұрмыстағы өсектен, көреалмаушылықтан немесе даңдайсудан арылудың жолын күлкі арқылы көрсетеді. Сатира арқылы жағымсыз әдеттер әшкереленіп, ізгілік жеңіске жетеді. Дегенмен, кейбір кинотанушылар тарапынан комедиялық элементтердің кейде тым жеңілдетілуі немесе тұрмыстық стереотиптерді қайталауы туралы сындар айтылғанымен, бұл туындының басты идеялық жүгін әлсіретпейді. Керісінше, бұл пікірлер отандық массалық киноның жанрлық дамуы үшін маңызды болып табылады.
Қорытынды
«Келінжан» фильміндегі мәдени-тәрбиелік және қоғамдық маңыз отбасылық құндылықтар тақырыбын комедия, драма және сатира ұштастығында шебер бере білуімен анықталады. Картина қазақи отбасының ішкі ынтымағын, ене мен келін арасындағы өзара құрметті және ағайынның бірлігін дәріптейтін бірегей туынды. Фильмді Қазақстан киносындағы отбасылық жанрдың жаңа мүмкіндіктерін ашқан сәтті жоба ретінде бағалауға болады. Оның құндылығы тек коммерциялық табысында немесе жоғары рейтингінде емес, ұлттық тәрбие мен заманауи қоғамның сұранысын үйлестіріп, көрерменге терең ой сала алуында. «Келінжан» осы тұрғыдан отандық кино өнерінде өзіндік өшпес орны бар туынды болып қала береді.