Қоғамда қашанда өзгеге қолдау көрсетіп, қиындыққа тап болған жандардың жанынан табылатын, адамгершілік пен мейірімділікті өмірлік ұстанымына айналдырған жандар бар. Олар қарттардың жағдайын жасап, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделуіне көмектесіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетеді.
Әрбір мұқтаж жанның мәселесіне бейжай қарамай, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосатын әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Осындай жауапты да абыройлы қызмет иелерінің кәсіби мерекесі – қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні. Осы мерейлі мерекеге орай Қордай ауданы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Жиынға әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген мамандар мен сала ардагерлері қатысып, олардың қоғам алдындағы жауапты қызметі мен еселі еңбегі атап өтілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізіп, бірқатар сала қызметкерлеріне алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. Құттықтау барысында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің қоғам өміріндегі орнына айрықша назар аударылды. Себебі әлеуметтік сала – тек мемлекеттік қызмет көрсетумен шектелмейтін, ең алдымен, адам тағдырымен тығыз байланысты бағыт. Мұнда әрбір өтініштің, әрбір көрсетілген көмектің артында нақты адамның өмірі, отбасының тұрмысы мен болашағына деген үміті тұрады. Сондықтан бұл салада кәсіби біліктілікпен қатар сабырлылық, жауапкершілік, жанашырлық пен адамға деген шынайы құрмет аса маңызды.
«Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әлеуметтік сала – қоғамдағы ізгілік пен жанашырлықтың, адамгершілік пен қамқорлықтың жарқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету, мұқтаж жандардың өмір сапасын жақсарту – аса жауапты әрі маңызды міндет. Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мемлекетті нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және мұқтаж жандарға қолдау көрсету мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Осы маңызды міндеттерді жүзеге асыруда әлеуметтік сала қызметкерлерінің орны айрықша. Халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, мүгедектігі бар азаматтар мен қиын жағдайға тап болған жандарға көмек беру – үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап ететін абыройлы міндет», – делінген аудан әкімінің құттықтауында.
Қордай ауданында әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарды бірнеше мекеме жүзеге асырады. Олардың қатарында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Мансап орталығы, Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, №7 арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну орталығы, сондай-ақ Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы бар. Аталған мекемелер халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалту және бейімдеу, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек беру бағыттарында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Мерекелік жиын барысында ауданның әлеуметтік саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар маманның еңбегі еленді. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың «Алғыс хатымен» М. Копжасарова, Г. Сабирова, Г. Саябаева, Э. Жайлаубекова, Г. Сельтаева, Н. Шокебаева, Н. Узбекова, Д. Иманкулова, Б. Сеитова, Г. Нуркеева, М. Толбаева, М. Аусағатова, Н. Сақбаева және Д. Желдібай марапатталды. Сонымен қатар әлеуметтік саланың дамуына жылдар бойы үлес қосып, мол тәжірибесімен кейінгі буынға өнеге болған ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Б. Қарамолдаева, Д. Жайлаубекова, З. Қайнарбаева, Н. Сатыбалдин, Қ. Айтельбаева, К. Ермуханбетова, С. Сагалиева, Р. Қартанбаева, О. Абдукеримова, О. Сейдекеш, С. Дарменбаева, М. Мінісқұлов, А. Сагындыкова және М. Бердымуратовнаға «Құттықтау» хаттары табысталды.