Елімізде, 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күні. Сонымен қатар бұл күн – Қазақстан Республикасы қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы атаулы күнге орай Қордай ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиевамен сұхбаттасып, бөлімнің атқарған жұмыстары, аудан бюджетінің жоспарлануы, экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттері туралы әңгімелескен едік.
– Светлана Джамалбаевна, алдымен өзіңіз басқарып отырған бөлімнің негізгі қызметі мен міндеттеріне тоқталып өтсеңіз.
– Қордай ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 2005 жылы құрылған. Бүгінде бөлімнің негізгі қызметі – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындау, бюджеттік жоспарлауды жүзеге асыру, салалар арасындағы үйлестіру жұмыстарын жүргізу және белгіленген басымдықтардың тиімді іске асуына жағдай жасау. Қазіргі таңда бөлім құрамында экономикалық, бюджеттік саясат және жоспарлау, экономиканың базалық салаларын дамыту және әлеуметтік бағдарламалар секторы жұмыс істейді. Бөлімде 6 мемлекеттік қызметші және келісімшарт негізінде 3 қызметкер еңбек етеді. Біздің жұмысымыздың басты мақсаты – аудан экономикасының тұрақты дамуына ықпал ету, бюджет қаражатының тиімді жоспарлануы мен мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.
– Биылғы жылдың тоғыз айында бөлім тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?
– 2026 жылдың тоғыз айында бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ауданның 2025 жылғы және 2026 жылдың бірінші, екінші, үшінші тоқсандарындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша аудан әкіміне ақпараттар дайындалды. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша және 2026 жылдың әр айының нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық төлқұжаты әзірленіп отырды. Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулеріне қажетті мәліметтер дайындалды. Бұдан бөлек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізілді. Қордай ауданын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша есептер әзірленді. Ауданның шекаралық елді мекендерін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша есеп дайындалып, облыстық басқармаға ұсынылды. Сондай-ақ облыс және аудан әкімдері арасындағы келісімнің орындалуы жөніндегі есептер тоқсан сайын әзірленіп, тиісті орындарға жолданды. Күнделікті жұмыс барысында статистикалық мәліметтер негізінде ауданның барлық салаларына ай сайын талдау жасалып, басшылыққа қажетті ақпараттар ұсынылады. Сонымен қатар «Әділет» партиясының Жамбыл облысы, Қордай ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасы мен жол картасын әзірлеу жұмыстары жүргізілді.
– Бөлім жұмысының маңызды бағыттарының бірі – жастарды ауылдық жерлерге тарту. Осы орайда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауданымыздағы жүзеге асырылу барысы туралы айтып өтсеңіз.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы – ауылдық елді мекендерге қажетті мамандарды тартуға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды мемлекеттік қолдау тетігі. 2010–2025 жылдар аралығында бағдарлама аясында аудан бойынша 305 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілді. Оның ішінде 195 маман білім беру, 88 маман денсаулық сақтау, 7 маман мәдениет, 5 маман спорт, 2 маман әлеуметтік қамсыздандыру және 8 маман агроөнеркәсіптік кешен салаларында еңбек етеді. Сонымен қатар осы кезеңде 1393 маманға көтерме жәрдемақы төленді. Олардың қатарында 905 білім беру, 371 денсаулық сақтау, 27 мәдениет, 26 спорт, 15 әлеуметтік қамсыздандыру және 45 агроөнеркәсіптік кешен маманы, сондай-ақ 4 мемлекеттік қызметші бар. Бағдарлама аясында берілген несиелерді өтеу жұмыстары да жүргізілуде. 2010–2024 жылдар аралығында 102 маман несиесін мерзімінен бұрын өтесе, ағымдағы жылы тағы 17 маман міндеттемесін мерзімінен бұрын орындаған.
– 2025 жылы және биыл бағдарлама бойынша қандай қолдаулар көрсетілді?
– 2025 жылы республикалық трансферт есебінен тұрғын үй сатып алуға 11 маманға қаражат бөлініп, нәтижесінде 11 тұрғын үй сатып алынды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласының 8 маманы 2500 АЕК көлемінде, білім беру саласының 3 маманы 2000 АЕК көлемінде несие алды. Ал 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында аудандық бюджет есебінен 55 маманға көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласының 32, білім беру саласының 21, әлеуметтік қамсыздандыру саласының 1 және спорт саласының 1 маманы бар. 2026 жылы да бағдарлама аясындағы жұмыстар жалғасуда. Республикалық трансферттен тұрғын үй сатып алуға 10 маманға қаражат қарастырылды. Оның ішінде 8 тұрғын үйге 2500 АЕК, 2 тұрғын үйге 2000 АЕК көлемінде несие беру жоспарланған. Бүгінгі таңда тұрғын үй сатып алу үшін 3 маман несие алып үлгерді. Оның ішінде білім беру саласының 1 және денсаулық сақтау саласының 2 маманы бар. Тағы 1 білім беру саласының маманы несие алу кезегінде тұр. Бұл қолдау ауылдық жерлердегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да маңызды салаларды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Енді аудан бюджетінің жай-күйіне тоқталсақ. Биылғы тоғыз айда бюджетті нақтылау және жоспарлау бағытында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Бюджетті тиімді жоспарлау – бөлім қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Есепті кезеңде аудандық бюджетке және ауылдық округтер бюджеттеріне 12 рет нақтылау енгізіліп, 15 бюджеттік комиссия отырысы өткізілді. 2026 жылға арналған аудандық бюджеттің кіріс бөлігі бастапқы жоспармен салыстырғанда ұлғайтылды. Атап айтқанда, салықтық түсімдер, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер және трансферттер бойынша өзгерістер енгізілді. Ал аудандық бюджет шығындарының жалпы көлемі де бастапқы жоспармен салыстырғанда артты. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін ескере отырып, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау мен қаржыландыруға бағытталған.
– Ауылдық округтердің бюджетіне қатысты қандай өзгерістер бар?
– Ауылдық округтердің дербес бюджетінің қалыптасуы жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуге және қаржылық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашты. 2026 жылға арналған ауылдық округтер бюджеттерінің кіріс бөлігі бастапқы жоспармен салыстырғанда ұлғайды. Бұл өсім негізінен өзіндік кірістер мен аудандық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қалыптасты. Қазіргі уақытта бөлім тарапынан 2027–2029 жылдарға арналған аудандық және 19 ауылдық округ бюджеттерінің жобаларын қарау мақсатында бюджеттік өтінімдерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте әрбір бюджеттік өтінімнің негізділігі, қажеттілігі мен басымдықтары ескеріледі.
– Бөлімнің құжат айналымы мен тұрғындар өтініштеріне жауап беру жұмыстары да маңызды. Бұл бағытта қандай нәтижелер бар?
– Есепті кезеңде бөлімге мемлекеттік тілде 706 кіріс құжаты келіп түсті. Шығыс бойынша 506 құжатқа жауап берілді. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардан түскен 25 өтініш қаралды. Құжаттардың уақытылы әрі сапалы қаралуы, азаматтардың өтініштеріне заңнама талаптарына сәйкес жауап беру – күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігі.
– Сөз соңында кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге және аудан тұрғындарына айтар тілегіңізді білсек.
– 15 қараша – Ұлттық валюта күні еліміздің экономикалық тәуелсіздігі мен қаржылық тұрақтылығының маңызын айқындайтын ерекше мереке. Бұл күн – қаржы саласында еңбек етіп жүрген барлық маманның кәсіби мерекесі. Осы орайда ауданымыздың қаржы және экономика саласында еңбек етіп жүрген әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Еліміздің экономикасы өркендеп, ұлттық валютамыздың тұрақтылығы нығая берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әділет ҚҰТТЫБАЙ