ӘСКЕРИ ПРОКУРАТУРА ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ

0

Гвардейск гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Расул Ризабекұлымен құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы сұхбат барысында әскери қызметтегі заң мәртебесінің іске асуы турасында сөз болды.

– Расул Ризабекұлы, Гвардейск гарнизоны әскери прокуратурасының профилактикалық жұмысы қалай ұйымдастырылған?

– Профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп, құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған.

Ағымдағы жылы әскери прокуратурамен 17 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оларды қарау нәтижесінде 708 әскери қызметшінің құқықтары қорғалды, 51 лауазымды тұлға, оның ішінде 22 басшы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Әскери бөлімдерде тексерулер, құқықтық түсіндіру жұмыстары, ведомствоаралық кеңестер және профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізілуде.

– Қандай құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылады?

– Әскери қызмет өткеру тәртібін сақтау, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери қызметшілердің құқықтарын сақтау мәселелері ерекше бақылауда.

Атап айтқанда, енгізілген 4 наразылықтың нәтижесінде әскери қызметшілерді тәуліктік нарядқа заңсыз тағайындау туралы 101 бұйрықтың күші жойылды. Тиісті қадағалау актісін қарау нәтижесінде 17 лауазымды тұлға, оның ішінде 6 басшы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

– Профилактикалық жұмыста қандай заманауи тәсілдер қолданылуда?

– Профилактиканы цифрландыруға ерекше мән берілуде. «Цифрлық профилактика» және «Әскердегі заң мен тәртіп» жобалары шеңберінде бейнебақылау жүйелерінің жай-күйі мен тиімділігіне бақылау күшейтілді.

Мәселен, 21450 әскери бөлімінің үш казармасында бейнебақылау жүйелері орнатылып, тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар әскери полиция бөлімшелеріндегі бейнебақылау жүйелерінің жұмысы тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар мен «көрінбейтін аймақтарды» жою бойынша шаралар қабылдануда.

– Әскерлердің өзінде профилактикалық жұмыс жүргізіле ме?

– Иә. Оқу-жаттығулар мен далалық іс-шараларға қатысатын әскери бөлімдерге ерекше назар аударылады. «Батыл Тойтарыс-2026» СКШУ өткізу кезеңінде әскери полициямен бірлесіп қауіпсіздік, медициналық және әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ әскери қызмет өткеру тәртібін сақтау мәселелері бойынша тұрақты профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар әскери қызметшілерге құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қабылдануда.

– Профилактикалық жұмыстың негізгі нәтижесі неде?

– Негізгі нәтиже – анықталған құқық бұзушылықтардың санында емес, олардың алдын алуда және қайталануына жол бермеуде. Осыған байланысты профилактикалық жұмыс прокурорлық қадағалауды, құқықтық түсіндіруді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, цифрлық технологияларды және әскери бөлімдердегі тікелей жұмысты қамтитын кешенді тәсіл негізінде жүргізіледі.

Басты міндетіміз – заңдылықты, әскери тәртіпті және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.