2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық аясында аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында кресло-арбаны пайдаланатын азаматтың қатысуымен сайлау учаскелерінің инфрақұрылымы тексерілді. Атап айтқанда, кіреберістердің, пандустардың, ақпараттық белгілердің және дауыс беруге қажетті жағдайлардың белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланып, ғимаратқа кедергісіз кіру, еркін қозғалу және дауыс беру мүмкіндіктері тәжірибе жүзінде зерделенді.
Сонымен қатар, арнайы бұрыштардағы көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған аудиоматериалдар тыңдалып, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған сурдоаудармасы бар бейнематериалдар көрсетілді.
Мониторинг барысында қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің ұсыныстары мен ескертулері тыңдалып, оларды іске асыру жолдары қарастырылды.
Зерделеу қорытындысы бойынша Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жанындағы жұмыс тобының отырысы өтті. Оған аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және қолдау бағытында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Отырыс барысында мониторинг нәтижелері талқыланып, анықталған мәселелер мен ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру, кемшіліктерді жою және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне тең әрі кедергісіз қатысуына жағдай жасау бойынша алдағы міндеттер айқындалды.
Жұмыстың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және олардың сайлау процесіне толыққанды қатысуына қолайлы орта қалыптастыру.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы