ТҰРҒАН АҒА!

0

«Адам ғұмыры ұзақтығымен ғана емес, мазмұнымен өлшенеді» деген қағида бар. «Жасында көргені жоқтың өскенде айтары жоқ» дейді тағы да. Міне, бұлар біздің Тұрған ағаға қарата айтылғандай. Жасы тоқсанға иек артқан шағында ауылдың ғана емес, ауданның әр түкпірінде өтіп жататын түрлі жиындардың төріне құрметпен шақырылып, көпшілікке батасын беріп, тағылымды сөздерін айтып жүргені. «Еліңде кімің бар?» дегенде қордайлықтардың алдымен ауызға алар биік тарихи тұлғаларының бірі – Өтеген батыр болса, Тұрған ағамыз да сол батырдың ұрпағына тән ерек қасиеттерімен танылған азамат.

— Өтеген бабамның бесінші ұрпағы Жасыбай атам бақуатты бай кісі болғанымен оншақты балаларының бірі де тұрмай шетіней беріп, «артымда ұрпақ қалмай ма» деп қамығып жүреді екен. Менің әкем туғанда «боқ басар боқай болсын», одан екі жас кіші інісіне «аяққа киер шоқай болсын» деп кейінгі екі ұлды әдейі Боқай, Шоқай атапты. Ырымдап көз тимесін, аман жүрсін дегені ғой. Олар ер жетіп, әжептеуір дәулет жиып өмір сүріп жатса керек. Кеңес өкіметі орнап, байларды кәмпескелеу басталар тұста Боқайды «бай баласы» деп ұстап соттамақ болғанда судан өтпейді деп табын-табын сиырларын елге қалдырып, жүз қаралы жылқысын алға салып бір түнде қырғызға өтіп кетеді. Араға біраз жылдар салып, ел іші тыншыған соң қайта оралғанымен, «байдың баласы болған» деп біреулер қайтадан түртпектей бастап амалсыз Қарақоңыздағы дүнген арасына сіңіп кетеді. Олардың жекеше қойларын бағып Суықтөбе деген жайлауда жүргенінде 1938 жылы күзде мен дүниеге келіппін, – дейді Тұрған аға балалық шағынан сыр суыртпақтап.

Кейіннен отбасы Кеңеске (қазіргі Өтеген ауылы) оралып, Тұрған сонда жетіжылдық білім алады. Бірге оқығандардан Жақан Сатаев кейіннен журналист, жазушы болып елге танылды. Онжылдықты аудан орталығындағы Абай мектебінде бітірген жылы көзі ашық, білімдар әкпесі Ұлбосын жетелеп апарып Фрунзедегі қаржы техникумына түсіргенімен, ондағы бір төбелеске қатысқаны үшін оқудан шығып қалады. «Обалың өзіңе» деп әкесі мұны салпақтатып қойдың соңына салмақ болады. Бірақ намысқой Тұрған шоферлік курста оқып екі жылдай колхозда жүргізуші болады. Ептілігі мен есеп-қисапқа жүйріктігі арқасында мал фермаларында есепші болғаны да бар. 1966 жылы Красногор кеңшар-техникумына оқуға түсіп, былайғы өміріне өзек боларлық орта дәрежелі зоотехникалық білім алады. Әйгілі 1969 жылғы қаһарлы қыстан талайлар қу таяғын ұстап қалғанда, «Искра Ленина» колхозының Тұрған Жасыбаев басқаратын Аңырақайдағы фермасы шығынға жол бермей шығады. Арнайы келіп жиын өткізген Жамбыл облыстық партия комитетінің екінші хатшысы А.Ф.Шалов жас маманның жетістігін өзгелерге үлгі етеді. Сөйтіп назарға ілігіп, келесі жылы «Лениннің 100 жылдығы» медалімен марапатталады, колхоздың бас зоотехнигі болып тағайындалады. Партия мүшелігіне кандидат болып қабылданады.

Бір күні оны аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Рафаэль Ахметов шақыртады. «Еңбегіңді көріп отырмыз, болашағың алда. Сені шаруасы шайқалған бір шаруашылыққа жібергелі отырмыз» дейді. Сөйтіп, қыстан малы көп қырылып бас мал мамандары қызметтен босатылған «Красный Октябрь» колхозына Жасыбаев Тұрған бас зоотехник, күнбатыстық Айдынбаев Саяқ бас мал дәрігері болып баратын болады.

– Әлі оң-солын танымаған жас маманмын, жаңа үйленгенмін, – дейді Тұрған аға сол кезеңді еске алып. — Жауапты қызметке жүрерде әкемнің інісі Қыдырма деген ағамыз: «Сен баратын ауылда менің соғыста бірге болған досым Сейфулда Рамазанов тұрады, қызметке әбден орныққанша солардың үйінде боласың» дейді де, қаруласына хат жазып береді. Содан алты айдай Сейфулда аға мен Бәкиза жеңгеміздің үйінде жатып, сол кісілердің қамқорлығында болдым. Жалпы, «қандай ортаға түссең сондай адам боласың» деген рас сөз. Бәкиза жеңгеміз мектепте мұғалім болатын, қаншама жастар оның ұстаздық тәлімін алды. Ал, колхозда кадр бөлімінің меңгерушісі болып істейтін ағамыз соғыс мүгедегі болса да қызметін барынша адал, тиянақты атқару жағынан маған үлгі өнеге көрсетті. Дастарқан басында да олар адамды биікке өрлететін адамгершілік, адалдық, жауапкершілік қасиеттері туралы көп айтатын. Сондай-ақ, бас бухгалтер Мәмбет Әденов, парторг Жүніс Арынов, сондай-ақ Сматай Жолдасбаев, Қуанышбек Тұрысбеков, Әшімбек Жәутіков, Медел Ермеков, Оңалбек Жылқыбаев, Балтабек Сайпышев, «Еңбек сіңірген агроном» атағы бар Гуржи сынды әрқашан айналасындағы адамдарға жан жылуы мен рух шуағын шашып жүретін жандардың ортасына түсіп өмірлік жақсы тәлім-тәрбие алып шықтым. Ал, Ленин орденді Омар Дүйсеков, Еңбек Қызыл Ту орденді Беркімбай Ғабитов, Қорабай Сабыралиев, Әбу Тебердиев, Медерқұл Ермеков сынды майталман шопан, бақташы, жылқышылардың еңбек жетістіктеріне куә болдым…

Т.Жасыбаев колхоз үй берген соң отбасымен көшіп барып Сұлутөрде төрт жылдан аса еңбек етеді. Жоғарыда аталған жақсы адамдардың арасында кәсібін шыңдап, өмір тәжірибесін молынан жинап, 1974 жылы туған ауылына қайта оралады. Содан ұзақ жылдар «Искра Ленина» колхозының бас зоотехнигі болды. Кеңес үкіметі тарағаннан кейінгі кезде «Майбұлақ» кооперативін басқарды. Әрине, оның еңбек жолы үнемі тақтайдай тегіс бола қойған жоқ-ты. Сексенінші жылдардың ортасында мал санағында бақандай жүз бас жылқы кем шығып, шаруашылық басшысы В.Шумилин бастап мамандардың тығырыққа тірелгені бар. Малдың есебін аларда бас зоотехник Т.Жасыбаевтың ферма меңгерушілеріне сеніп, актіге қол қоя салғаны өзіне таяқ болып тиді. Тіпті, бұл туралы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде Нури Муфтахтың «Сергелдең немесе әділдікті Қордайша «қорғау» (27 сәуір, 1988 ж.) деген мақаласы да жарияланды. Бастауыш партия ұйымының жиналысы Т.Жасыбаевты партиядан шығару мәселесін қарағанымен коммунистер оған көнбеді. Өздері жақсы білетін адал, іскер маманды баз біреулердің салғырттығы үшін жазықты еткісі келмеді. Аупарткомның бюросында да халықтық бақылау комитетінің төрағасы М.В.Коломиец тәрізді азаматтар «Алдымен ұры екені дәлелденсін, онсыз партиядан шығара алмаймыз» деп араша түсті. «Күйе күйдірмесе де күйелейді» демекші, біржарым жылдай әуре-сарсаңға салған тергеу ақыры бас маманның кінәсін дәлелдей алмай, аудандық сотта судья Е.Сегізбаев Т.Жасыбаевты жаладан ақтап шығып еді. Ал, малды оңды-солды айырбастап, сатып пайдаға кенелген кейбір жылпос жылқышы мен мамандар, әрине, істі болды.

Тұрған ақсақал зейнетке шыққаннан кейін он жыл бойына ауылдық ақсақалдар ұйымын басқарды. Кезегімен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған И.Медеев, Б.Байділдаев, Д.Сүйінбаевтармен қызметтес болды. Кейінгі Б.Әлімбеттің тұсында ауыл биі болғаны да бар. Жасы сексеннен асқан соң қоғамдық жұмыстарды қойып, өзінен кейінгілерге ақылын айтып, жөн сілтеуге көшкен жайы бар. Әкім қаралар да аудандық деңгейдегі түрлі шаралардан қалдырмай батасын алатын кездері аз болмайды. Еңбегіне қарай құрметі демекші, мемлекетке, елге сіңірген еңбегі ескеріліп, қызмет еткен жылдары «Лениннің 100 жылдығы» медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгілерімен, «Қонаевтың 100 жылдығы» медалімен марапатталып, «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Өзінен бір жас қана кіші, аудан орталығындағы Абай мектебінде бірге оқыған Жұмаш Балаубекқызы екеуі құрған шаңырақтың іші, шүкір, балаға толды. Несіпбек, Сәрсенбек, Бауыржан, Совет есімді ұлдары, Рая, Жайна есімді қыздары бар. Барлығы жоғары білімді, бірі инженер, бірі мұғалім, бірі ауыл әкімі дегендей түрлі қызметтер атқарып, өз отбастарымен бөлек тірлік кешуде. Оншақты немере-шөберелерінің алды жоғары оқу орнын бітіріп қызметке араласып жатыр. Тек, солардың қуанышын зайыбының көре алмай, отасқандарына отыз жыл толар-толмаста-ақ тым ерте дүниеден озып кеткені өкініш.

«Өмірден өтсе де, көңілден көшпейтін адамдар болады» деген рас-ау. Тұрған аға ұдайы ризашылықпен еске алып отыратын бір адам – қарасайлық Асық Уәли ақсақал екен. Өзі шығарған бата үлгілерінен бірнеше кітабы жарық көрген, талай мәрте бата беру байқауларының жүлдегері болған қария туралы айтары аз емес. Соның бірінде былай деп еді:

— Бірде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Астана қаласын көруге бардық. Сонда Асекең екеуміз қонақүйде бір бөлмеде жатып көп әңгімелестік. Өзімнен бес-алты жас үлкен кісінің қолына су құйып, галошын кигізіп дегендей барынша қызмет көрсетуге тырыстым. Соған риза болған ол батасын беріп, шешіліп бір сыр ақтарып еді. Ол кісінің көкірегі тұнған тарих, мол қазына екеніне сол жолы анық көзім жеткен болатын. Былтыр 93-тен асып қайтыс болғанда көңілім құлазыды, ағаның жаны жәннатта болсын, шіркін, ауылында бір көшеге есімі берілсе болар еді, – дейді Тұрған аға.

Міне, өрелі сөз айта білетін, сөзге тұратын құймақұлақ, естігенін ел алдында жүйелеп, мәніне келтіре айта білетін көшелі кісі, Өтеген батыр ауылының ең жасы үлкен ардақты қариясы Тұрған Боқайұлы Жасыбаев осындай жан.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.