Жамбыл облысында жүзеге асырылып жатқан «Елтану» ағартушылық жобасы аясында Қордай ауданында этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кездесулер өтті.
Бұл ауқымды жиынға Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев модераторлық етіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйеледі.
Жоба шеңберіндегі іс-шараларға облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен аудандағы топ өкілдері бірлесіп тұрғындармен пікір алмасты.
Кездесулер Қаракемер, Масаншы ауылдарының тұрғындары, жастарымен ұйымдастырылды. Оған жастар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Маңызды кездесулерде «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысы Мубарак Жинақбаева, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Айжан Дауренова және Жамбыл облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті.
Жиын барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бейбітшілік пен келісім, қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы түйткілді тұстарды жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сонымен бірге, ауыл тұрғындарына «Елтану» жобасының негізгі бағыттары – «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» бастамалары жан-жақты түсіндірілді.
Шара барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында құқық қорғау саласының өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Отбасы мен қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тақырыбы көтеріліп, цифрлық дәуірде өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, отбасылық оқу дәстүрін жандандыру арқылы рухани көзқарасты кеңейту қажеттігі де айтылды.
Фариза ҚОРАБАЙ