Қордай ауданындағы бұқаралық спорттық сауықтыру кешенінде ардагерлер арасында волейболдан облыстық чемпионат өтті.
Спорттық шараға облыстың әр аймағынан келген ардагер спортшылар қатысып, өзара бақ сынауда. Атап айтқанда, дүбірлі додаға Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу, Меркі, Шу және Қордай аудандарының командалары жиналды. Жарысқа қатысушылардың басын қосқан бұл спорттық іс-шара – салауатты өмір салтын ұстанудың, спортқа деген сүйіспеншіліктің және белсенді өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі. Чемпионаттың ашылу салтанатына арнайы жиналған қонақтар мен спортшыларға құттықтау сөздер арналып, жарыстың маңыздылығы атап өтілді. Салтанатты жиында аудандық спорт бөлімінің басшысы Сейітқали Солтанай қатысушыларды құттықтап, ардагерлер спортының қоғамдағы орнына тоқталып, барша спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Сонымен қатар Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен Жамбыл облыстық волейбол федерациясының вице-президенті Сәрсен Оспановқа сөз беріліп, жарысқа қатысушыларға ізгі тілектер білдірілді. Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, чемпионаттың ашылғаны ресми түрде жарияланды. Ашылу рәсімінен кейін қатысушыларға жарыс ережелері таныстырылып, бас төреші ойын тәртібімен таныстырды. Командалар бекітілген ойын кестесіне сәйкес топтарға бөлініп, өзара кездесулерін бастады. Жеңімпаздарға арнайы дайындалған марапаттар ұсынылды.